2024-11-24 14:43:03
12.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

1 наурыздан бастап қоғамдық көліктер кондукторсыз қызмет көрсетеді

1 наурыздан бастап қоғамдық көліктер кондукторсыз қызмет көрсетеді

Шымкентте 1 наурыздан бастап қаладағы барлық бағыттағы қоғамдық көліктер жолаушыларға кондукторсыз қызмет көрсетеді. Шаһарда «Кондукторсыз жүйе» жобасы өткен жылдың тамызында қолға алынған болатын.

– «Айкөмек-109» орталығына түсетін арыз-шағымдардың басым бөлігі қоғамдық көліктердегі кондукторлардың жұмысына қатысты болды. Автобустарда жолаушыларды қолма-қол ақша төлеуге мәжбүрлеу, кешкі уақытта валидаторларды өшіріп қоюға қатысты көптеген шағымдар түсуде. Жағдайды түзету үшін қалалық маршруттарда кондукторсыз жүйеге кезең-кезеңімен көшірдік. Жаңа жүйеге сәйкес, енді автобуста кондукторлар мүлдем болмайды. Бұл дегеніміз, жолаушы өзі жолақысын қолма-қол, «Tolem» картасы, SMS код немесе QR-код арқылы төлей алады. Осыған орай 108 адамнан құралған бақылаушы топ құрылған. Бақылаушылардың штат саны алда өзгеруі мүмкін. Жұмыстан босаған кондуктор өз еркімен бақылаушы болып қайта жұмысқа тұра алады немесе жұмыспен қамту орталығының көмегіне жүгінуіне болады. — дейді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұхтар Қоқанбаев.

Сонымен қатар, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен Шымкент қаласы полиция департаментінің арасында арнайы келісім жасалған. Полиция қызметкерлері және бақылау тобы бірлесіп, жол ақысын төлемеген жолаушыларға әкімшілік құқық бұзу туралы хаттамалар түзіп, айыппұл сала алады. Автобуста жол ақысын қолма-қол төлеген жағдайда, міндетті түрде билет беруді талап ету керек. Бұл жоба төлем жүйесінде ашықтықтық қалыптасуы, жүргізушінің жалақысын көбейту үшін қолға алынған.

Күнделікті жүргізілетін рейдтік шара кезінде жол ақысын төлеуден жалтарған азаматтарды анықтаған жағдайда, полиция қызметкерлерінің қатысуымен жолаушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 2 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарма мамандарының айтуынша, мобильді топтың мақсаты – жолаушыларға айыппұл салу емес, оларды міндетті жол ақысын төлеуге шақыру. Автобусқа отырғанда бірінші кезекте валидатор, SMS және QR-код арқылы төлем жасалу қажет. Қолма-қол ақшамен төлеген жағдайда, жүргізушіден чек талап етіп және чекті сапар аяқталғанға дейін сақтау керек.

Айта кетейік, көлік картасымен, SMS және QR-код арқылы төлеген кезде тариф 70 теңгені, қолма-қол төлеген жағдайда тариф 100 теңгені құрайды. Сондай-ақ, картада ақша қаражаты болмай қолма-қол төлеу кезінде, тариф 100 теңгені құрайды.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР