2026-01-01 01:20:00
2.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ: КОЛЛЕДЖ ПЕДАГОГТЕРІНІҢ КӘСІБИ ДЕҢГЕЙІ КӨТЕРІЛУДЕ

2025 жылы елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында колледж педагогтерінің кәсіби біліктілігін арттыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биыл 5 мыңға жуық колледж қызметкері «Talap» КеАҚ ұйымдастырған курстардан өтті. Оған 4,5 мың педагог және 580 колледж директоры қатысты. Курстардың негізгі мақсаты – заманауи педагогикалық әдістерді енгізу, білім беру процесін цифрландыру, сондай-ақ тәжірибеге бағытталған оқытуды күшейту болды, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.

Біліктілікті арттыру курстары 11 бағыт бойынша ұйымдастырылды. Атап айтқанда, IT, электр энергетикасы, құрылыс, ауыл шаруашылығы, тігін және дәнекерлеу өндірісі, автомобиль көлігі, қоғамдық тамақтану салалары қамтылды. Әр бағдарлама теориялық білімді тәжірибелік машықтармен ұштастыруға, оқыту процесінде инновациялық әдістерді қолдануға бағытталған.

«Колледж директорлары мен олардың орынбасарларының біліктілігін арттыруға ерекше мән берілді. Оқыту бағдарламалары басқарушылық құзыреттерді дамытуға, бизнес-процестерді тиімді басқаруға және колледждердің цифрлық трансформациясын жүзеге асыруға бағытталды», — деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Әсет Мұханбетов.

Сонымен қатар педагогтер еліміздің жетекші өндірістік алаңдарында тағылымдамадан өтіп, салалық озық тәжірибелермен танысты. Олар заманауи өндіріс технологияларын, қауіпсіздік шараларын және өндірістік стандарттарды тәжірибеде меңгеріп, білім беру процесіне енгізудің жолдарын үйренді. Бұл тәжірибе колледж мұғалімдеріне оқушыларға сапалы әрі өзекті білім беруге мүмкіндік береді.

Курстардың нәтижесінде педагогтердің кәсіби деңгейі артты, жаңа әдістемелер мен цифрлық технологияларды тиімді қолдану дағдылары нығайды. Бұл өз кезегінде студенттердің теориялық және практикалық дайындығын жақсартып, оларды еңбек нарығына бәсекеге қабілетті маман ретінде шығару үшін маңызды қадам болып отыр.

Министрліктің мәліметінше, алдағы уақытта біліктілікті арттыру бағдарламалары тұрақты түрде жүргізіліп, барлық колледж педагогтері мен басшыларының кәсіби өсуін қамтамасыз ету көзделіп отыр. «Бұл бастама колледж жүйесінің сапасын арттыруға және ел экономикасына қажетті кәсіби мамандар даярлауға бағытталған маңызды қадам», — деп қорытындылады Әсет Мұханбетов.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР