2025-12-31 16:10:05
0.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

«Жасыл балабақша» жобасы: мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында экологиялық тәрбие алдыңғы қатарда

2025 жылдың қарашасында Шымкент қаласындағы №20 «Қазына» бөбекжай-бақшасы базасында «Жасыл балабақша» жобасы аясында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтеріне арналған семинар-практикум өткізілді. Іс-шараның басты мақсаты – балаларда табиғатқа деген сүйіспеншілік пен экологиялық мәдениетті қалыптастырып, олардың қоршаған ортаны дұрыс бағалай білу дағдыларын дамыту болды.

Семинарға 82 педагог қатысып, тәжірибе алмасып, экологиялық тәрбие берудің жаңа әдіс-тәсілдерімен танысты. Педагогтер үшін «Экологиялық балабақшадағы тиімді әдіс-тәсілдер» таныстырылып, оларды күнделікті балабақша жағдайында қолданудың жолдары көрсетілді. Семинар барысында қатысушылар экологиялық тәрбиені ойын арқылы дамыту, табиғи материалдармен жұмыс, дәнді дақылдарды топырақсыз өсіру, қарапайым тәжірибелер жүргізу және балалардың зерттеушілік қабілеттерін арттыру әдістерін тәжірибе жүзінде орындады.

Сенсорлық әдістер арқылы жапырақтар, тұқымдар, тастар, бұтақтармен практикалық жұмыстар жүргізілді. Педагогтер балаларға табиғатты түсіндіру, экологиялық түсініктерді қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғауға баулу жолдарын көрсетті. Сонымен қатар, топырақ түрлерін салыстыру, тұқымның әртүрлі ортада өнуін бақылау және пластик бөтелкеден жасалған тамшылатып суғару жүйесін қолдану арқылы суды үнемдеудің маңызы түсіндірілді. Бұл практикалық әдістер балалардың табиғатқа қызығушылығын арттырып, экологиялық дағдыларын дамытуға ерекше ықпал етті.

Семинар барысында педагогтер өз тәжірибелерімен бөлісіп, экологиялық тәрбие беру барысында кездесетін қиындықтар мен оларды шешу жолдарын талқылады. Сонымен қатар, балабақшадағы табиғи материалдармен жұмыс жасау тәжірибесі, балалардың зерттеушілік қабілетін дамыту әдістері мен ойын түрінде білім беру тәсілдері практикалық тұрғыда көрсетілді. Педагогтердің пікірінше, мұндай семинарлар мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының әдістемелік деңгейін көтеріп, балалардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға нақты жол ашып отыр.

«Жасыл балабақша» жобасы – балаларға табиғатқа қамқорлық жасау, қоршаған ортаны қорғау және тұрақты даму дағдыларын ерте жастан қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама. Семинар-практикум педагогтарға экологиялық білім берудің тиімді тәсілдерін меңгеруге, балаларға қызықты және нәтижелі сабақтар ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Алдағы уақытта осы тәжірибе мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында кеңінен қолданылып, жас ұрпақтың экологиялық санасын қалыптастыруға маңызды серпін береді.

82 педагог қатысқан іс-шара қорытындысы бойынша, қатысушылар экологиялық тәрбие беру бағытындағы жаңа идеялар мен практикалық әдістерді өз тәжірибесінде қолдануға дайын екендіктерін білдірді. Бұл семинар мектепке дейінгі білім беру саласында тұрақты және жауапты болашаққа ұмтылған жас ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған нақты қадам болды.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР