Ө. Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде орналасқан Жансая Әбдімәлік атындағы шахмат мектебінде жастар арасында шахматтан жолдастық кездесу өтті. Іс-шара “Ауыл” партиясы мен Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының бірлесуімен, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған “Бұлақ көрсең – көзін аш” жобасы аясында ұйымдастырылды.
Аталған турнирдің мақсаты – жас буын өкілдерінің бойындағы дарын мен қабілетті ерте анықтап, оларды дамытудың қолайлы тетіктерін қалыптастыру. Сайысқа 15 кәсіби және 25 әуесқой шахматшы қатысты. Қатысушылар қатарында мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері, сондай-ақ ауылдық өңірлерден келген жастар бар.
Жарыс барысында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, ойын барысында шеберліктерін көрсетті. Турнир соңында барлық қатысушыларға арнайы алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.
“Ауыл” партиясы жастар арасындағы дарынды қолдауға бағытталған жобаларды тұрақты түрде жүзеге асырып келеді. Соңғы екі жылда партияның бастамасымен ауылдық жерлерден шыққан жас суретшілер арасында шығармашылық байқаулар ұйымдастырылып, олардың еңбектері кеңінен насихатталды.
Партияның басты мақсаты – жастардың әлеуетін дамыту арқылы ел болашағына серпін беру. Осы бағытта тек қалалық емес, ауылдық елді мекендердегі жас дарындарға да ерекше назар аударылып отыр.