2025-10-13 16:32:51
22.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Жаңа оқу жылындағы өзгерістер

Ендігі санаулы сәтте еліміз­дегі 8 мыңнан аса оқу ошағында алғашқы қоңырау соғылады. Бұл – республикамыздағы 4,1 мил­лион бала үшін жүрек толқы­тар мерейлі мезет. Олардың 341 мыңы бірінші сыныпқа қабылданса, 232 мыңы осы оқу жылында білім ұясынан үлкен өмірге қанат қағады.

Білім алуға ең алдымен, әлбетте, жақсы жағдай жасалуы керек. Бұл ретте мектептердің құрылысы, орын тапшылығы, жабдықталуы секілді инфрақұрылымдық мәселелер алға шығады. Осыған орай сандарды «сөйлетсек», 1 қыркүйекке 83 жаңа мектеп есік ашады екен. Бұл туралы өткен апталардың бірінде болған Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты. Жаңа оқу жылында пайдалануға берілетін оқу ошақтары өз кезегінде 100 мыңнан аса оқушыға жаңа орын сыйлайды.

«Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында елімізде мек­­теп инфрақұрылымын жүйе­лі түрде жаңғырту және ке­ңей­ту жұмыстары жалғасып ке­леді. Қазір өңірлерде 267 мың орын­ға арналған 232 мектептің құрылысы жүріп жатыр. 2025–2026 оқу жылының басына дейін 115 мың орынға арналған 83 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Ал жыл соңына дейін тағы 140 мың орынға арналған 111 мектептің құрылысы аяқталады. Мектеп құрылысымен қатар, биыл 190 мың оқушыны қамтитын 245 мектепте ауқымды реновация бағдарламасы іске асырылады. Оның шамамен 60%-ы ауылдық жерлерде орналасқан. Жаңа оқу жылына дейін 99 мың оқушыны қамтитын 127 мек­теп­тегі жөндеу жұмыстары аяқталады. Білім беру инфрақұ­ры­лымын дамытудың бас­ты басымдығы – балаларға жайлы және қауіпсіз оқу ортасын құру. Бұл жұмыстардың уақы­тылы және сапалы орындалуы жергілікті жерлердегі жұмысқа тікелей байланысты. Осы бағыттағы жұмысты жандандырып, тиісті бақылауды қамтамасыз ету қажет», деген еді министр. Үкімет таратқан ақпаратқа сүйенсек, 2025 жылы 69 мыңнан астам оқушысы бар 1000-нан астам ауыл мектебі жаңғыртылады, ал 680 мектепке шамамен 1 100 заманауи пәндік кабинет сатып алынады.

Саннан сапа туады. Орта білім ұйымдарына жағдай жасал­­ған сайын ондағы сапа­ның арта түсетіні де белгілі. Дегенмен мектепте сапаны қалыптастыратын – мазмұн, яғни бағдарлама. Сонымен жаңа оқу жылында педагогтер мен оқушыларды білім жүйесін ілгерілетуге арналған қандай өзгерістер күтіп тұр?

Мектепке дейінгі білім. Жаңа оқу жылынан бастап балалардың мемлекеттік тілді ерте меңгеруіне бағытталған «Тілге бойлау» және бұған дейін еліміздің 5 өңірінде сынақтан өткен «Беске дейін үлгер» бағдарламаларының ауқы­мын кеңейту басталады. Осы уақыт аралығында 135 бала­бақшада 7 мыңнан астам бала мемлекеттік тілді меңге­ру бағдарламасынан өтті. Мек­теп­ке дейінгі ұйымдардағы тәр­бие жұмыстарының басым бағыт­тарының бірі – балаларды ерте жастан еңбекке баулу. Осы мақсатта қыркүйектен бастап 100 балабақшада 12 мың баланы қамтитын қанатқақты жаңа жоба іске қосылады.

Орта білім. «Цифрлық сауат­тылық» және «Инфор­матика» пәндеріне жасанды интеллект эле­менттері енгізіле бастайды. Орта білім жүйесінде AI-ды қол­да­ну­дың этикалық стандарттары бекітілді. Оқушыларға арналған «Day of AI» онлайн-курстары әзірленді. Сонымен қатар «AI-Kitap» білім беру платформасын кезең-кезеңмен енгізу жоспарда бар. «Адал азамат» бір­тұтас тәрбие бағдарламасы мен­шік нысанына қарамастан, елдегі бар­лық орта білім ұйы­мы­на енгізі­леді.

Кәсіптік-техникалық білім. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында кәсіпорындардың мақ­сат­ты тапсырысы бойынша оқып жатқан колледж студент­­те­рінің саны соңғы екі жылда үш есе артты. Биылғы оқу жылында бұл көрсеткішті 45 мың орынға жеткізу көзделген.

Дерек көзі: https://egemen.kz

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР