
Ел жастарының білім деңгейін саралап, ең талантты оқушыларды анықтайтын беделді білім сайысы — Президенттік олимпиаданың XVIII маусымы кезең-кезеңімен жалғасып келеді. 2025 жылдың 21 қазанында «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен еліміздің барлық өңірінде жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша екінші (іріктеу) кезең өтті. Бұл кезең — нағыз мықтыларды іріктейтін аса жауапты сынақ.
Өңірлік кезеңде үздік шыққан 414 оқушы Қазақстанның түкпір-түкпірінен қатысса, олардың қатарында Шымкент қаласының 20 дарынды өрені өз білімін сынады. Қатысушылар физика, математика, химия және биология пәндері бойынша күрделі есептерді шешіп, есте сақтау, логикалық ойлау, ғылыми талдау қабілеттерін байқатты.
Тартысты дода нәтижесінде қорытынды республикалық кезеңге Шымкенттен 10 оқушы жолдама алды. Бұл — қала мектептерінің білім сапасының жоғары екенін дәлелдейтін зор көрсеткіш.
Жолдама алғандар тізімі:
Абдыбек Бақберген — №1 мамандандырылған ІТ лицей-интернаты
Манат Дінмұхаммед — №1 мамандандырылған ІТ лицей-интернаты
Абдыхалык Максат — З.Космодемьянская атындағы №23 мектеп-лицейі
Мұрат Аделя — Сағадат Нұрмағамбетов атындағы №72 жалпы орта мектеп
Мауленов Байназар — №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясы
Абилдаева Аяулым — Alan International School ЖШС
Мүтәлі Жансерік — М.Тасова атындағы мамандандырылған №3 мектеп-интернаты
Сарсенбек Рамазан — №2 мамандандырылған үш тілде оқытатын мектеп-интернаты
Боранбай Мирас — №137 жалпы орта мектеп
Ақжігіт Айша — М.Х.Дулати атындағы үш тілде оқытатын №8 мамандандырылған гимназия
Бұл көрсеткіш — оқушы еңбегінің, ұстаз бен ата-ананың қолдауының, мектептердің жүйелі дайындығының нәтижесі. Президенттік олимпиада — тек білім бәсекесі емес, жас дарындардың ғылыми жолға алғашқы қадам жасауына мүмкіндік беретін ерекше алаң.
Шымкенттен финалға өткен 10 өрен — алдағы уақытта еліміздің атын ғылыми байқауларда көтеруі мүмкін болашақ зерттеушілер. Халықаралық білім сайыстарында елдің абыройын қорғайтын жаңа буын дәл осындай республикалық деңгейдегі сынақтарда шыңдалып шығады.
Оқушыларды бұл жетістігімен шын жүректен құттықтай отырып, олардың талабы мен білім жолындағы қажырлы еңбегі алдағы кезеңдерде бұдан да биік нәтижеге жеткізеді деп сенеміз.
Әрбір дарынды оқушының артында еңбегі ерен ұстаз тұрады. Жетістіктің бастауы — мектеп қабырғасындағы сапалы білім, жүйелі дайындық және шәкіртпен жұмыс істеудегі кәсіби шеберлік. Сол себепті бұл жетістік — педагогтардың да ортақ жеңісі.
Ата-аналардың қолдауы, баланың қабілетін ерте байқап, дамытуға мүмкіндік жасауы — дарынның ашылуындағы маңызды фактор. Сондықтан олардың еңбегі де құрметке лайық.
Шымкент қаласының жас білімпаздарына алдағы республикалық кезеңде сәттілік тілейміз. Еліміздің білім абыройын асқақтататын тәлімгерлердің жаңа белестерді бағындыра беретініне сенім мол!
