11-13 наурызда Астана қаласында өткен Ө.Жолдасбеков атындағы математика және механика бойынша халықаралық зерттеу жобалар байқауында шымкенттік оқушылар жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
Атап айтқанда, №1 мамандандырылған ІТ лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Асылтас Кемел алтын медаль (І дәрежелі диплом), №8 гимназияның 11-сынып оқушысы Нұрислам Зиябек күміс медальға (ІІ дәрежелі диплом) ие болды. Сондай-ақ, №80 IT мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Мейірім Бекенбай, №1 мамандандырылған ІТ лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Ерболат Абдурахим Грамотамен марапатталды.
Зияткерлік сайысқа еліміздің әр өңірінен 100-ден астам дарынды оқушы, сондай-ақ, Тәжікстан, Беларусь және Ресей елдерінің өкілдері қатысты. Байқау 4 секция – математика, қолданбалы математика, механика және экономикадағы математикалық әдістер бойынша өтті. Осылайша Шымкент қаласының оқушылары халықаралық білім бәйгесінде кезекті рет жүлделі орындардан көрінді.
Бұл байқау оқушылардың ғылыми әлеуетін ашуға, зерттеу дағдыларын дамытуға және математика мен техникалық ғылымдарға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған. Шымкент қаласының намысын қорғаған оқушылардың жобалары мазмұн тереңдігімен, ғылыми жаңалығымен және өзекті мәселелерді шешуге бағытталған тәсілдерімен ерекшеленді. Жүлдегерлер мен марапат иелерін даярлаған ұстаздар өздерінің кәсіби шеберліктерін тағы бір мәрте дәлелдеп, шәкірттерімен бірге зор еңбек нәтижесін көрсетті.
Айта кетейік, аталмыш байқау жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді және халықаралық деңгейдегі беделді зияткерлік платформалардың бірі болып саналады. Шымкент оқушыларының үздік нәтиже көрсетуі – қала мектептеріндегі сапалы білім беру мен ғылыми бағыттағы жұмыстың жүйелі жүргізіліп келе жатқанын көрсетеді. Алдағы уақытта да шымкенттік жастардың білім бәйгелерінде биіктен көріне беретіндігіне сенім мол.