Өткен оқу жылы Шымкент қаласының білім саласы үшін толағай жетістіктермен есте қалды. Қалалық білім басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Гүлнара Дәрібаеваның айтуынша, оң нәтижелерге ұстаздар қауымымен бірге білім саласына жауапты барлық маман лепті үлес қосты. Мемлекет тарапынан кейінгі жылдары қаржы мен көңіл бөлінуінің нәтижесінде салада оң өзгеріс орын ала бастады.
Өткен оқу жылында Шымкентте 272 мың бала білім алды. Оның ішінде 12 мыңға жуық оқушы мектеп тәмамдады. 640 түлек мектепті «Алтын белгімен» бітірді. Биыл бірінші сыныпқа мектептер 27 мыңдай бала қабылдайды. Бұл жұмыс тамыздың соңына дейін жалғасады.
Шымкенттік оқушылар арасында республикалық, халықаралық жарыстарда, ғылыми зерттеу жұмыстарында топ жарып жүргендер көп. Мәселен, 3 кәсіптік-техникалық колледждің студенттері World Skills байқауында жеңімпаз атанып, енді Данияда қыркүйек айында халықаралық деңгейде еліміздің намысын қорғамақ. Олар – Шымкент аграрлық, №5, №3 индустриалды техникалық колледжінің шәкірттері. Айта кету керек, World Skills жыл сайын өтетін байқау. Ол жұмысшы мамандықтарды дәріптеуді көздейді. Шымкенттік студенттер әр жылда осы байқауға қатысып республика көлемінде жеңімпаз атанып жүр. Жүлдеге ілінген шәкірттерге басқарма тарапынан тиісті қолдаулар көрсетіледі.
Гүлнара Тұрдыбайқызының баяндауынша, мектептердің материалдық-техникалық базасы жылдан-жылға жақсарып келеді. Айталық, өткен жылы 44 кабинет жабдықталса, биыл 42 кабинетті жабдықтау жоспарда бар. Сондай-ақ тоғыз мектеп реновациядан өтеді, яғни қайта жаңғыртылады. Бұл жұмыстар республика көлемінде қолға алынған бастама аясында іске асып жатыр. Реновация дегеніміз – мектепті күрделі жөндеу, ішін қайта жабдықтау. Одан өткен білім ошақтары материалдық-техникалық базасы жағынан «Келешек мектептеріне» ұқсайтын болады. Тоғыз мектептің күрделі жөндеуі осы айдың соңына қарай аяқталып, пайдалануға тапсырылады. Білім ошақтарының құрылысы бойынша қалада әзірге ешқандай проблема туындап тұрған жоқ.
Дерек көзі: egemen.kz