Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Қазақстан Республикасының колледждерінің үздік 100 студенті» республикалық байқауы аясында Шымкент қаласының намысын абыроймен қорғаған жеңімпаздар қатарында Әсел Берікқызы Сүлейменова да бар.
Әсел – Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты «Саз колледжі» МКҚК-ның «Музыка теориясы» мамандығы бойынша 4-курс студенті. Жетекшісі – Оксана Владимировна Дмитриева.
ҚР Оқу-ағарту министрінің айтуынша, еліміздің болашағы – білімді әрі заманауи жастардың қолында. Бүгінгі күні техникалық мамандықтарға мемлекеттік тапсырыс ұлғайып, студенттердің шәкіртақысы екі есеге артты. Мемлекет жастарға кәсіби тұрғыда дамуға, өз ісін бастауға және халықаралық сертификаттаудан өтуге барлық мүмкіндік жасап отыр. Жастарға бағытталған ауқымды жобалар – еліміздің жарқын келешегіне салынған инвестиция. Сондықтан биылғы жыл – жастар үшін үлкен мүмкіндіктер мен жаңа белестер жылы екенін де ерекше атап өтті.
Байқау талантты әрі белсенді студенттерді қолдауға бағытталған. Әсел бұл жетістікке табандылығының, шығармашылық ізденісінің және кәсіби бағытта үздіксіз еңбектенуінің арқасында қол жеткізді. Ол оқу барысында музыкалық теория мен тарихына терең бойлап, шығармашылық байқауларда өз білімін көрсете білді. Колледждегі оқу үлгерімі де жоғары деңгейде. Жетекшісі Оксана Дмитриеваның айтуынша, Әсел – өз ісіне берілген, өнерге шын жүректен ғашық жас маман.
Мұндай жеңіс өзге студенттерге де үлгі болып, оларды алға ұмтылуға, білім мен кәсібилікті шыңдауға шабыттандырады. Шымкент қаласы атынан шыққан студенттің республикалық деңгейде үздік деп танылуы – қала білімінің де дамып, сапалы кадрлар даярлауға бағытталған жүйелі жұмысының нәтижесі.
Саз колледжі ұжымы жас өнерпаздың бұл жеңісін зор мақтанышпен қабылдады. Алдағы уақытта Әсел халықаралық байқауларға қатысып, ел намысын әлемдік деңгейде де абыроймен қорғауды көздеп отыр.