2026-01-11 21:29:40
9.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Шымкенттік оқушылар «Ділмар–2025» республикалық байқауында үздік атанды

VII «Ділмар–2025» республикалық шешендік өнер байқауында шымкенттік оқушылар өздерінің биік дайындық деңгейін көрсетіп, жүлделі орындардан көрінді. 1–2 желтоқсан күндері Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернаты базасында ұйымдастырылған дәстүрлі сайысқа еліміздің әр өңірінен жүзден астам оқушы қатысып, сөз өнеріндегі шеберлігін сынады.

Шымкент қаласының намысын қорғаған жас ділмарлар тартысты бәсекеде суырылып алға шығып, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Қатысушылар шешендік дәстүрдің терең тамырын, ойды дәл, көркем және әсерлі жеткізу қабілетін, тіл тазалығын меңгергенін айқын көрсетті.

Биылғы байқауда шымкенттік оқушылардың жетістігі айрықша атап өтуге тұрарлық.
III орынға №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясының оқушысы Ғалымжанқызы Мөлдір лайық деп танылды. Ол іріктеу кезеңдерінен бастап-ақ өз ойын жүйелі жеткізуімен, көркем тілмен сөйлеуімен ерекшеленіп, финалда да жоғары нәтиже көрсетті.

Ал Дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған IT лицей-интернатының оқушысы Усентайұлы Иманғали байқауда белсенділігімен көзге түсіп, Алғыс хатпен марапатталды. Оның сөз мәдениетін меңгеруі, берілген тақырыпқа жедел әрі сауатты жауап беру қабілеті қазылар тарапынан оң бағаға ие болды.

Мұғалімдердің айтуынша, оқушылар байқауға бірнеше ай бойы дайындалып, шешендік өнердің классикалық үлгілерін меңгеріп, сахнада өзін еркін ұстау дағдысын шыңдаған. Ал ата-аналар мен ұстаздар олардың табысын зор қуанышпен қабылдап, жас таланттарға алдағы сайыстарда да биік белестерді бағындырады деген сенім білдірді.

Шешендік өнер — қазақтың рухани мұрасының бір бөлшегі. Осы байқаудағы жетістік шымкенттік оқушылардың ұлттық құндылыққа құрметі мен сөз мәдениетін дамытуға деген талпынысының айқын көрінісі.

Жас ділмарларымызды шын жүректен құттықтаймыз!
Жаңа жетістіктер мен биік асуларға жолдары ашық болсын!

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР