
№59 жалпы орта білім беретін мектебінде «Зерттеуші мектеп» жобасы аясында тәжірибелік семинар жоғары деңгейде өтті. Іс-шараға Шымкент қаласының Әдістемелік орталығының әдіскерлері, жобаның жетекшілері Р. Балтабекова мен Ж. Қарынбаева, сондай-ақ №52, 59, 76, 142, 145, 146 және 150 мектептердің директор орынбасарлары мен зерттеу топтарының педагогтері қатысты. Бұл семинар қаламыздағы білім беру ұйымдарының зерттеушілік мәдениетін дамытуға арналған маңызды алаңға айналды.
Семинардың басты мақсаты – мұғалімдердің зерттеу дағдыларын жетілдіру арқылы педагогикалық тәжірибесін жаңа деңгейге көтеру және зерттеу тәсілдерін сабақ үдерісінде тиімді қолдануды қамтамасыз ету болды. Қатысушылар «Сабақты зерттеу» әдісін тәжірибеге енгізудің негізгі бағыттары мен құжат жүргізу тәртібі, зерттеу топтарын ұйымдастыру және оларды тиімді басқару жолдарын талқылады. Сонымен қатар мұғалімдер бақылау дағдыларын дамытуға арналған практикалық тапсырмаларды орындап, әр түрлі сценарийлер бойынша сабаққа енгізу жолдарын зерттеді.
Іс-шара барысында педагогтер өзара тәжірибе алмасып, зерттеу әдістерін қолданудың тиімділігін көрсетті. Зерттеу сабақтарын жоспарлау мен өткізу барысында кездесетін қиындықтар мен оларды шешу жолдары қарастырылды. Бұл бағыттағы әдістемелік талқылаулар мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға, сабақ сапасын жоғарылатуға және оқушылардың оқу жетістігін жүйелі түрде бақылауға мүмкіндік берді. Семинар сонымен қатар әр педагогқа өз тәжірибесін байытуға, жаңашыл идеялар мен озық тәжірибелерді оқу процесіне енгізуге жол ашты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, келесі кезеңде зерттеу сабақтарын бірлесіп жоспарлап, оны мектеп тәжірибесінде тәжірибелік түрде өткізу жоспарланған. Бұл қадам «Зерттеуші мектеп» жобасының білім беру үдерісін жаңғыртудағы маңызды бөлігі болып саналады. Семинар барысында ұсынылған әдістемелік нұсқаулар мен практикалық тапсырмалар педагогтердің кәсіби дамуына тың серпін беріп, мектептегі зерттеу мәдениетін қалыптастыруға қосқан үлесін көрсетеді.
Шымкент қаласында осындай семинарлардың өтуі педагогикалық қауымдастыққа білім беру саласындағы жаңа үрдістерді ұғынуға, зерттеушілік бағыттағы жұмыстарды жетілдіруге, сонымен қатар оқушылардың шығармашылық және ғылыми ізденімпаздық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді. «Зерттеуші мектеп» жобасы мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттыруға, тәжірибе алмасуға, жаңа идеяларды сабаққа енгізуге бағытталған стратегиялық бастама ретінде қала білім беру жүйесінің дамуына елеулі үлес қосатыны сөзсіз.
