Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық тамыз конференциясында айтқан деректерге сәйкес, биылғы «Алтын белгі» иегерлерінің 23 пайызы педагог мамандығын таңдаған. Бұл көрсеткіш мұғалім мамандығының қоғамдағы беделі артып келе жатқанын айқын көрсетеді.
Мәселен, өткен жылы 1800-ге жуық «Алтын белгі» иегері ұстаздық жолға түссе, биыл олардың саны 2 мыңнан асты. Жалпы, елімізде білім беру саласына 13 мыңнан астам грант бөлінсе, оның едәуір бөлігі педагогикалық бағыттарға тиесілі болды. Жаңа оқу жылынан бастап студенттердің шәкіртақысы 84 мың теңгеге жетіп, соңғы бес жылда екі есе артты. Бұл қадам жастардың ұстаз болуға деген ынтасын күшейтіп отыр.
Шымкент қаласында да педагогикалық мамандыққа деген қызығушылық айрықша байқалады. Қаладағы түлектердің бір бөлігі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетін, Педагогикалық институтты және өзге де жоғары оқу орындарын таңдауда. Жергілікті білім басқармасының мәліметінше, соңғы екі жылда қала түлектерінің ұстаз болуға өтініштері тұрақты түрде өсіп келеді.
Бұл үрдістің нәтижесі қала мектептерінде де көрінуде. Жас мұғалімдер жаңа әдістемелерді меңгеріп, оқушылардың оқу процесіне заманауи технологияларды енгізуде. Президент атап өткендей, еліміздің оқушылары халықаралық деңгейде жетістіктерге қол жеткізуде. Биыл қазақстандықтар беделді жеті олимпиададан 27 медаль еншілеп, түрлі халықаралық білім сайыстарынан мыңға жуық жүлде алды. Оның ішінде шымкенттік оқушылардың да үлесі бар: физика, математика және робототехника бағыттарында жеңімпаз атанған жас зияткерлер ұстаздарының еңбегін халықаралық аренада дәлелдеді.
Президент өз сөзінде білім сапасын арттыруда ұстаздың кәсіби дамуы, ауыл мектептерін қолдау және инфрақұрылымды жаңғырту негізгі басымдық болатынын атап өтті. Сонымен қатар, жас мұғалімдерге менторлық, әлеуметтік қолдау тетіктерін күшейту, цифрлық ресурстар мен жасанды интеллект элементтерін тиімді пайдалану қажеттігін жеткізді.
Шымкент қаласы үшін бұл бағыт ерекше маңызды. Өйткені қалада жыл сайын жаңа мектептер ашылып, білім беру инфрақұрылымы кеңейіп келеді. Соған сай, жас мамандардың білім беру саласына келуі сапалы кадрмен қамтамасыз етудің басты кепілі болып отыр.
Жаңа оқу жылы алдында ұстаздар қауымына айтылған сенім мен қолдау педагог мәртебесін одан әрі нығайтып, білім сапасын арттыруға тың серпін беретіні анық.