2026-01-01 01:17:59
2.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

ШЫМКЕНТТЕ ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ САБАҚТАРЫНА ЖИ ҚҰРАЛДАРЫН КІРІКТІРУ БОЙЫНША ТӘЖІРИБЕЛІК СЕМИНАР ӨТТІ

Шымкент қаласының білім беру жүйесінде цифрлық мүмкіндіктерді пайдалану және заманауи оқыту тәсілдерін енгізу бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Осы мақсатта Білім басқармасының Әдістемелік орталығы №35 жалпы орта мектеп базасында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне арналған «ЖИ құралдарын сабаққа тиімді кіріктіру» атты тәжірибелік оқыту семинарын ұйымдастырды.

Семинарға қала мектептерінен 175 педагог қатысып, жасанды интеллектті оқу үдерісінде қолданудың практикалық жолдарын талқылады.

Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында ЖИ технологияларын қолдану мұғалімдер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Семинар барысында қатысушылар ЖИ-дің:
– мәтін құрастыру, талдау және қысқарту;
– шығарма мен эссе жазуға бағытталған шаблон ұсыну;
– оқушылардың деңгейіне сай тапсырмалар дайындау;
– көркем мәтінді интерпретациялау және кейіпкер талдауы;
– диктант, тест, жобалық жұмыс үлгілерін автоматты әзірлеу
сияқты функцияларын тиімді пайдалану бойынша тәжірибе алмасты.

Мұғалімдер ЖИ құралдарының уақытты үнемдеп қана қоймай, сабақ сапасын арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Тәжірибелік бөлімде мұғалімдер бірнеше топқа бөлініп, нақты ЖИ платформалары арқылы оқу тапсырмаларын орындады. Олар:
– әдеби шығармалар бойынша аналитикалық сұрақтар құрастыру;
– мәтіндерге сюжет картасын жасау;
– оқушылардың жас ерекшелігіне байланысты дифференциацияланған тапсырмалар әзірлеу;
– ЖИ көмегімен интерактивті жаттығулар мен жазба жұмыстарын дайындау
сияқты практикалық жұмыстарды орындап, өзара нәтижесін таныстырды.

Іс-шара қорытындысында қазақ тілі мен әдебиеті пәні ұстаздары ЖИ құралдарын тиімді қолдану – XXI ғасыр мұғалімінің маңызды дағдысы екенін ерекше атап өтті. Семинар мұғалімдердің кәсіби дамуына серпін беріп, ЖИ технологияларын сабақ үдерісіне жүйелі енгізуге бағытталған нақты әдістемелік ұсыныстар берді.

Шымкент қаласындағы мұндай тәжірибелік семинарлар алдағы уақытта да жалғасып, педагогтердің цифрлық құзыреттілігін арттыруға үлкен үлес қоспақ.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР