Шымкент қаласының педагогикалық қауымдастығы үшін биылғы оқу жылының басты жаңалығы – басқарушылардың жаңа буынын даярлауға бағытталған «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасының кезекті кезеңінің аяқталуы болды.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған стратегиялық бастама 2023 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Президенттік жастар кадр резервінің үлгісі негізінде жасалған жоба еліміздің барлық өңірінде, соның ішінде Шымкентте де мектеп басшыларының тапшылығын қысқартуға ықпал етті.
2023–2024 жылдары 583 педагог резервист атанса, олардың 400-ден астамы конкурстан тыс директорлық қызметке тағайындалды. Ұлттық жоба аясында Шымкенттегі жаңа «Келешек мектептерінің» бірқатарын дәл осы резервтен шыққан жас басшылар басқарып отыр.
2025 жылы бағдарламаның жаңа кезеңі жалғасып, 428 маман оқуын тәмамдады. Шымкенттік 30-дан астам педагог директордың орынбасары ретінде арнайы дайындықтан өтті. Оқыту 21 шілдеде басталып, 12 қыркүйекте Педагогикалық шеберлік орталығында аяқталды.
Бағдарлама бірнеше деңгейден тұрды:
Базалық деңгей – мектеп менеджментінің негізгі қағидаттары;
Сараптамалық деңгей – білім беру сапасын талдау, стратегиялық жоспарлау;
Кәсіби деңгей – халықаралық тәжірибе негізінде көшбасшылық дағдыларын дамыту.
Оқытуға Кембридж Бағалау кеңесінің сертификатына ие, тәжірибелі тренерлер тартылды. Теориялық сабақтардан бөлек, үміткерлер қала мектептерінде тәжірибеден өтіп, нақты басқару үлгілерін меңгерді.
Енді 15–26 қыркүйек аралығында қорытынды бағалау кезеңі өтуде. Болашақ директорлар тестілеу, жоба жұмыстары, портфолио және рефлексивті есеп тапсырып, комиссия әңгімелесуінен өтеді. Осы сынақтан сүрінбей өткендер кадрлық резервке енгізіліп, мектеп директоры қызметіне конкурстан тыс тағайындалады.
Шымкент қалалық білім басқармасының мәліметінше, жаңа буын басшыларын даярлау арқылы мегаполистегі мектеп директорларының тапшылығы екі есеге азайды. Алдағы уақытта бұл жоба білім сапасын арттырудың, заманауи менеджментті енгізудің негізгі құралына айналмақ.