
Астанада өткен дәстүрлі Республикалық тамыз конференциясында еліміздегі Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі алғашқы басқарманың Ақтөбе облысында құрылғаны жарияланды. Бұл жаңашылдық алдағы уақытта Шымкент қаласында да енгізіліп, балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау саласында жаңа буын қалыптасатыны айтылды.
Реформа аясында қорғаншылық және қамқоршылық органдарының жұмысын күшейту көзделіп отыр. Жаңа басқармалар әрбір баланың әл-ауқатын қорғауда негізгі орталыққа айналып, отбасыларға дер кезінде көмек көрсетіп, аймақтағы жауапты қызметтердің жұмысын үйлестіреді. Шымкентте бұл құрылым жергілікті атқарушы органдардың базасында құрылады деп жоспарлануда.
Қаладағы басқармаға балалардың құқықтарын қорғау бөлімдері бағынып, олар ата-аналардың өтініштеріне жедел әрекет етуге және әлеуметтік мәселелерді шешуге жауапты болады. ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова атап өткендей, басты мақсат – әрбір баланың қауіпсіздігіне кепілдік беретін сенімді жүйе құру.
Жаңашылдықтың тиімді іске асуы үшін заң жүзінде маңызды норма бекітілді: енді бір маман 5 мың балаға қызмет көрсетеді. Соның нәтижесінде биылдың өзінде жергілікті деңгейдегі мамандардың саны үш есеге жуық артқан. Шымкентте де кадрлық әлеуетті күшейту үшін қосымша штат ашылып, қызметкерлер оқыту курстарынан өтуде.
Жаңа басқармалардың жұмысы бірыңғай стандартпен жүргізіліп, әр өңірде, соның ішінде Шымкентте де балалардың құқықтарын қорғау бойынша заманауи тәжірибелер енгізіледі. Қалада бұл жүйе ата-аналарға психологиялық, құқықтық кеңес беруді, әлеуметтік тәуекелге ұшыраған балаларды қорғауды және білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуді қамтитын кешенді жұмысқа айналады.
Жоба ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен бірлесіп жүзеге асырылуда және жақын уақытта Шымкентте іске қосылады. Сарапшылардың пікірінше, бұл бастама қаладағы балалардың құқықтарын қорғау ісін жаңа сапалық деңгейге көтеріп, ата-аналар мен қоғам сенімін нығайтады.
