2025 жылы Шымкент қаласында жергілікті бюджет есебінен шілде-тамыз айларында 9 693 баланы жазғы демалыспен қамту жоспарланған. Бұл бастама ҚР Үкіметінің №64 қаулысына сәйкес әлеуметтік 5 санатқа жататын балаларды сауықтыру және тиімді демалыспен қамтамасыз етуге бағытталған.
Балалар демалысын Машат-Арасан, Бекзат Саттарханов атындағы лагерь, Қарлығаш, Үш бұлақ, Таң-Шолпан, Көктөбе, Айсанар сынды қала сыртындағы сауықтыру лагерьлерінде өткізуде.
2025 жылғы 16 шілдедегі жағдай бойынша жазғы демалыспен 3 131 бала қамтылды. Қалған балаларды кезең-кезеңімен лагерьлерге жолдау жалғасып жатыр.
Лагерьлерде балалар тек демалып қана қоймай, түрлі тренингтер мен қызықты ойындар арқылы жаңа дағдылар қалыптастырып, командалық жұмысқа үйренеді. Жазғы демалысты ұйымдастыруда балалардың қауіпсіздігі; сапалы тамақтануы; медициналық қызметпен қамтамасыз етілуі; бос уақытын тиімді өткізу сынды мәселелер басты назарда.
Бұл жұмыстардың барлығы балалардың денсаулығын нығайтып, жаңа оқу жылына сергек әрі дайын оралуына жағдай жасайды.
Сондай-ақ лагерлерде экологиялық, шығармашылық және спорттық бағыттағы үйірмелер жұмыс істейді. Балалар табиғат аясында серуендеп, пайдалы ілім алып, көшбасшылық қабілеттерін дамытады. Олардың арасында шахмат, қолөнер, би, ән айту және ұлттық ойындар секілді түрлі шаралар ұйымдастырылады. Бұл – әр баланың тұлғалық дамуына оң әсер ететін маңызды кезең.
Мұғалімдер мен тәрбиешілер әрбір баламен жеке жұмыс жүргізіп, олардың қызығушылықтарын ашуға, дарындарын шыңдауға көмектесуде. Сонымен қатар, лагерлерде психологиялық қолдау көрсету де назардан тыс қалмаған. Психолог мамандар балалардың ішкі жан дүниесіне үңіліп, олардың эмоциялық жай-күйін жақсартуға бағытталған түрлі тренингтер өткізеді.
Жалпы, жазғы лагерь – тек демалыс емес, бұл – баланың жан-жақты дамуына арналған ерекше орта.