2025-10-12 13:45:38
22.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Шымкент: жаңа оқу жылында оқушыларға жеке қауіпсіздік сабақтары қайта жүргізіледі

1 қыркүйектен бастап Шымкенттегі барлық мектептер мен балабақшаларда, сондай-ақ колледждерде жеке қауіпсіздік сабақтары қайта басталады. Бұл сабақтар балаларға күнделікті өмірде, қоғамдық ортада және интернетте туындауы мүмкін қауіп-қатерлерге дұрыс жауап беруді үйретіп, олардың өз қауіпсіздігіне жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Бағдарлама жас ерекшелігіне қарай бірнеше блокқа бөлінген. Балабақшадағы бүлдіршіндер жедел қызмет нөмірлерін жаттап, ойын және демалыс алаңдарындағы қауіпсіздік ережелерін үйренеді. Бастауыш сынып оқушыларына судағы және мұздағы қауіпсіздік, бейтаныс адамдармен кездескенде өзін ұстау, қаңғыбас иттерден қорғану жолдары түсіндіріледі. Орта буын сыныптарында буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, интернеттегі қауіпті әуестенулерден сақтану және өз іс-әрекетіне жауапкершілік тақырыптары қарастырылады. Жоғары сынып пен колледж студенттері үшін сабақтарда қаржылық сауаттылық, онлайн алаяқтардан қорғану, еңбек қауіпсіздігі, құқықтар мен міндеттерді білу сияқты бағыттар қамтылады.

Сабақтар әр аптада сынып сағаты аясында 10 минуттан өткізіледі. Жыл ішінде тақырыптар үш рет қайталанып, балалардың есінде бекітіледі. Жобаны жүзеге асыру барысында педагогтер мен психологтарға арналған тренингтер мен вебинарлар ұйымдастырылып, полиция, төтенше жағдайлар департаменті және медицина қызметкерлері тартылды. Оқушыларға түсінікті болу үшін анкета алу, бейнеролик көрсету, топтық жобалар секілді интерактивті әдістер қолданылады.

Шымкент қалалық білім басқармасының мәліметінше, жеке қауіпсіздік сабақтары енгізілгелі бері балалардың мазасыздық деңгейі төмендеп, олар қауіпсіз мінез-құлықты меңгере бастаған. Мамандардың айтуынша, мұндай тәжірибе балаларды тек мектепте ғана емес, көшеде немесе онлайн ортада да дұрыс шешім қабылдауға үйретеді.

Бұл бастама 2023–2025 жылдарға арналған балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен денсаулығын сақтау жөніндегі кешенді жоспар аясында жүзеге асырылуда. Шымкенттік ұстаздар мен ата-аналар үшін бұл сабақтар жас ұрпақты қауіпсіздік мәдениетіне баулудың маңызды тетігіне айналып отыр.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР