2025-10-12 05:12:35
18.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Шымкент: жаңа оқу жылында барлық мектеп «Адал азамат» бағдарламасымен жұмыс істей бастады

Жаңа 2025–2026 оқу жылынан бастап Шымкент қаласындағы барлық білім беру ұйымдарында, оның ішінде жекеменшік мектептерде де тәрбие жұмысы «Адал азамат» атты бірыңғай бағдарлама негізінде жүргізілуде. Бұл бастама Мемлекет басшысының «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» қағидасымен үндестірілген және бұрынғы «Біртұтас тәрбие» тұжырымдамасының мазмұнын жаңғыртып жалғастырады.

Бағдарламаның басты мақсаты – жас ұрпақты адалдыққа, еңбекқорлыққа және елжандылыққа тәрбиелеу. Жаңа модель жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеумен қатар, мектеп, ата-ана және қоғам арасындағы байланысты күшейтуге бағытталған. Шымкент қалалық білім басқармасының мәліметінше, биылғы оқу жылы қарсаңында жекеменшік мектептердің педагогтеріне арналған арнайы семинарлар ұйымдастырылып, 50-ден астам жекеменшік мектептен мыңнан аса мұғалім қамтылды.

Бағдарлама аясында мектептердің ішкі кеңістігі де тәрбиелік құралға айналуда. Шымкенттегі жаңа үлгідегі білім ошақтарында арнайы дизайн-код пен брендбук енгізілді. Мектептің дәліздері мен кабинеттерінде Қазақстанның тарихи ескерткіштері мен табиғи байлықтарын бейнелейтін суреттер, әлемдік және отандық ойшылдардың портреттері мен нақыл сөздері орналастырылды. Оқушыларға үлгі болатын мінез-құлық нормалары мен ұлттық құндылықтарды көрсететін көрнекіліктер ілінді.

Жаңа бағдарлама аясында оқушылардың бойына пайдалы дағдыларды қалыптастыруға басымдық берілуде. Қаланың барлық мектептерінде ата-аналармен серіктестік нығайып, құқық қорғау органдары мен денсаулық сақтау саласымен бірлескен іс-шаралар жоспарланды. Бұл бағытта буллингтің алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау, қауіпсіздік сабақтарын өткізу тұрақты түрде жүргізілмек.

Шымкент қаласының білім саласы мамандарының айтуынша, «Адал азамат» бағдарламасы тәрбие процесін жаңа деңгейге көтеріп, оқушылардың азаматтық жауапкершілігін арттырады. «Бұл – болашақ ұрпақтың бойына адалдық пен әділдікті сіңіріп, қоғамның сенімді тірегіне айналдыруға бағытталған қадам», – дейді ұстаздар.

Осылайша, мегаполистегі барлық мектептерде бірыңғай тәрбие стандарты енгізіліп, оқушылар үшін тең мүмкіндік жасалды. Бағдарламаның табысты жүзеге асуы ұстаздардың, ата-аналардың және бүкіл қоғамның белсенді қатысуына байланысты болмақ.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР