
Астанада өткен дәстүрлі Республикалық Тамыз конференциясы аясында «Кедергісіз білім беру: сапа мен қолжетімділік» тақырыбында панельдік секция ұйымдастырылды. Жиынға өңірлік білім басқармалары мен әдістемелік орталықтардың өкілдері, арнайы білім беру ұйымдарының басшылары, педагогтер және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Шымкент қаласынан барған делегация да секция жұмысына қатысып, жергілікті тәжірибелермен бөлісті.
Секция барысында арнайы және инклюзивті білім беру саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Қатысушылар мемлекеттік саясаттың іске асырылу барысын, мектеп оқушыларын кәсіби бағдарлау жолдарын, инклюзивті ортаны дамыту бағыттарын және көмекші технологияларды қолдану тәжірибесін ортаға салды. Әсіресе, Шымкент қаласындағы ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау шаралары мен арнайы мектептерді заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету мәселесі жеке қаралды.
Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Лаура Бутабаева өз сөзінде инклюзивті білім берудің маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде Қазақстан мектептерінің 91%-ында инклюзивті жағдайлар жасалған. «Барлық балаға тең мүмкіндік беру үшін арнайы білім беру ұйымдары желісі кеңейтіліп, психологиялық-педагогикалық қолдау жүйелі жүргізілуде. Бұл – әр баланың сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз ететін маңызды қадам», – деді ол.
Ұлттық орталық мамандардың біліктілігін арттыруға жетекші ұйым болып табылады. Түрлі бұзылыстар санаттары мен білім беру деңгейлерін ескере отырып, орталық 83 оқулық пен оқу-әдістемелік кешен дайындап, 15 әдістемелік ұсыным әзірледі. Сонымен бірге жаңартылған оқу мазмұнына сәйкес 67 типтік бағдарлама бейімделіп, мектептерге енгізілуде.
Іс-шара аясында «E-ымдау» мобильді қосымшасы таныстырылып, инклюзивті және арнайы білім беруге арналған әдістемелік көрме мен бейнеролик ұсынылды. Шымкенттік педагогтер бұл жобалардың тиімділігін атап өтіп, өз өңірінде тәжірибе енгізудің жоспарларын талқылады.
Панельдік сессия барлық балаларға сапалы әрі қолжетімді білім беру ісінде тәжірибе алмасуға мүмкіндік беріп, жаңа оқу жылында Шымкент мектептерінде де инклюзивті ортаны дамытуға тың серпін берді.
