Биыл қалада 2 700 адамды skills.enbek.kz платформасы арқылы сұранысқа ие дағдылар бойынша оқыту жоспарланған болатын. Бүгінге дейін 3 090 адам сертификат алған.
skills.enbek.kz – кез келген азаматқа тегін онлайн курстар арқылы жаңа дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беретін платформа. Бұл әсіресе жұмыссыз азаматтар мен кәсіби біліктілігін арттырғысы келетіндер үшін үлкен көмек. Платформаға тіркеліп, қажетті курсты таңдау жеткілікті.
Онлайн курстар түрлі салаларды қамтиды. Ауыл шаруашылығы – жылыжайда лимон өсіру, балық және асыл тұқымды мал шаруашылығы, үй құстарын өсіру, саңырауқұлақ өсіру. Қызмет көрсету – аспаздық, сусындар дайындау, визаж, менеджмент және басқа да мамандықтар.
Платформадағы қазақ және орыс тілдеріндегі бейнесабақтарды өз саласында табысқа жеткен кәсіпкерлер әзірлеген. Оқу материалдары тегін және ақылы форматта ұсынылады.
Айта кетейік, 2025 жылдың наурыз–маусым айлары аралығында Қазақстанның 20 өңірінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының қатысуымен WorldSkills-2025 өңірлік чемпионаттары өтті – деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Жұмысшы мамандықтарын насихаттайтын ауқымды шараға барлығы 5044 студент қатысып, олардың жұмысын 5759 кәсіби сарапшы бағалады. Чемпионаттар 600-ге жуық колледж базасында ұйымдастырылды. Жалпы алғанда 900-ден астам құзыреттілік қамтылды. Ең көп құзыреттілік ұсынылған өңірлер қатарында Ақтөбе (77), Ақмола (62), Батыс Қазақстан (60) және Қостанай (59) облыстары бар.
WorldSkills өңірлік чемпионаттары – жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, студенттердің кәсіби біліктілігін шыңдауға бағытталған маңызды алаң. Чемпионаттар аясында колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы байланыс нығайып, үздік қатысушылар дипломдар, медальдар мен арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Өңірлік чемпионатта үздік танылған студенттер биылғы жылдың желтоқсан айында Астана қаласында өтетін республикалық чемпионатқа жолдама алды.