
2025 жылғы 8–12 қараша аралығында еліміздегі ең ауқымды білім сайыстарының бірі – жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша ұйымдастырылатын «Қазақстан Білім Олимпиадасы» өтті. Олимпиаданы «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, «BILIM-INNOVATION» халықаралық қоғамдық қоры және «Edlight Academy» бірлесе отырып ұйымдастырды.
Биылғы дода еліміздің барлық облыс орталықтарында, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында бір мезетте өтіп, республика бойынша жас зияткерлердің білім бәсекесіне айналды. Олимпиаданың негізгі мақсаты – дарынды оқушыларды анықтау, қолдау көрсету және жаратылыстану-математикалық пәндерге деген қызығушылықты арттыру.
Бұл білім бәйгесіне Қазақстанның түкпір-түкпірінен 1946 оқушы қатысқан. Ал Шымкент қаласынан 8 білім ұйымынан 123 оқушы күрделі есептерден тұратын тапсырмаларды орындап, жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Қаламыздың жас өрендері биыл да мақсатты түрде дайындалып, өз білімін толық дәлелдеп шықты. Нәтижесінде шымкенттік оқушылар мықтылығын көрсетіп, үздіктер қатарынан көрінді:
- 3 алтын медаль
- 10 күміс медаль
- 19 қола медаль
- 22 мадақтама
Бұл көрсеткіш – қаладағы білім беру сапасының, пән мұғалімдерінің жүйелі жұмысының және оқушылардың үздіксіз еңбегінің айқын дәлелі.
Олимпиада қорытындысы бойынша жеңімпаздар әр пән бағыты бойынша үздік атанып, өз мектебінің ғана емес, бүкіл Шымкенттің абыройын асырды. Ұйымдастырушылар биылғы қатысушылардың дайындық деңгейі жоғары болғанын, түрлі пәндер бойынша күрделі тапсырмаларды орындауда шымкенттік зияткерлердің белсенділігімен ерекшеленгенін атап өтті.
Оқушыларды жарысқа дайындаған ұстаздардың еңбегі де зор. Олар алдын ала дайындық сабақтарын өткізіп, олимпиадалық формат бойынша есептер шығаруды үйретіп, оқушылардың сенімділігін арттырды. Бұл жеңіс – ұстаздар мен оқушылардың ортақ табысы.
Барлық жеңімпаздарды және оларды баптаған ұстаздарды шын жүректен құттықтаймыз!
Жаңа белестерді бағындырып, биік шыңдардан көріне беріңіздер!
Ақпарат үшін: «Қазақстан Білім Олимпиадасы» – мамандандырылған білім беру ұйымдары, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ және халықаралық мектептердің 10–11 (12) сынып оқушыларына арналған ресми білім додасы болып табылады.
