2025-12-31 23:35:16
2.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

ШЫМКЕНТ МҰҒАЛІМДЕРІ ЖИ-МЕН ЖҰМЫСТЫ ЖЕТІЛДІРУДЕ

Шымкент қаласының білім беру саласы жаңа технологияларды белсенді түрде енгізіп, оқыту үдерісін цифрландыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Соның бір айғағы – А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясында өткен «Оқу сауаттылығы дағдыларын дамытуда ЖИ оқу құралы ретінде: жаңа мүмкіндіктер, цифрлық көмекші» тақырыбындағы тәжірибелік семинар. Іс-шараға бастауыш сынып әдіскерлері мен жалпы 254 мұғалім қатысып, жасанды интеллекттің оқу-тәрбие үдерісіндегі маңызын талқылады.

Семинар барысында спикерлер ЖИ құралдарының мұғалім жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, оқу сапасын арттырудағы мүмкіндіктерін атап өтті. Қазіргі таңда ЖИ оқушының жас ерекшелігі мен жеке деңгейіне сәйкес тапсырма құрастыру, мәтінді талдау, оқу сауаттылығын дамытуға арналған жаттығулар дайындау, визуалды материал жасау сияқты көптеген бағытта көмектесе алады. Бұл мұғалімге уақыт үнемдеп, сабақтың мазмұнын байытуға мүмкіндік береді.

Семинардың практикалық бөлімінде педагогтер шағын топтарға бөлініп, түрлі ЖИ платформаларын қолдану арқылы нақты тапсырмалар орындады. Әр топ оқу сауаттылығын дамытуға бағытталған құралдарды зерттеп, олардың артықшылықтары мен шектеулерін талдады. Мұғалімдер өз тәжірибелерін біріктіре отырып:

– мәтіндерге байланысты тест және түрлі деңгейдегі сұрақтар құрастыру;
– оқушы жұмысына жедел кері байланыс беру;
– оқу тапсырмаларын саралау;
– шығармашылық жобаларға цифрлық құралдарды тиімді енгізу тәсілдерін көрсетті.

Топтар жұмыстың нәтижесін бір-біріне таныстырып, сыни талдау жасап, мектептерде қолдануға болатын нақты ұсыныстар әзірледі.

Іс-шара соңында қатысушылар мұндай семинарлардың педагогтердің цифрлық құзыреттілігін арттыруда аса маңызды екенін атап өтті. ЖИ технологияларын меңгеру – тек заманауи тренд емес, сапалы білім беру үшін қажетті талапқа айналып отыр.

Шымкент мұғалімдері жаңа мүмкіндіктерді игеруге дайын екенін танытып, ЖИ-ді оқу үдерісіне енгізу арқылы оқушылардың қызығушылығын арттыруға, оқу сауаттылығы дағдыларын дамытуға нақты қадам жасап келеді.

Бұл семинар педагогтер үшін кәсіби дамудың жаңа деңгейіне жол ашып, білім сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастама болды.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР