2025-10-13 01:35:44
14.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Шымкент: мұғалімдер оқулық сараптамасына шақырылады

Қазақстанда білім сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі – жаңа оқу жылында педагог-эксперттерді оқулық сараптамасына тарту. Бұл бастамаға Шымкент қаласындағы ұстаздар да белсене қатыса алады. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім мазмұнын сараптау ұлттық ғылыми-практикалық орталығы жариялаған жаңа кезеңдегі іріктеу науқаны бүгінде қызу жүріп жатыр.

Ең бастысы – барлық рәсім толықтай цифрландырылған. Іріктеу E-EXPERT.GOV.KZ платформасы арқылы онлайн жүргізіледі. Бұл жүйе елдің қай өңірінде тұрса да, әр педагогке тең мүмкіндік беруді көздейді. Үміткерлердің құжаттарын тексеру, тест тапсыру, эссе жазу, модульдік оқудан өту және қорытынды сертификат алу сынды барлық қадам автоматтандырылған. Осылайша, бұрын уақыт пен қаржыны талап ететін күрделі рәсімдер енді барынша қолжетімді әрі ашық сипат алды.

Орталықтың ресми дерегінше, бүгінде жаңа форматта дайындықтан өткен 400-ден астам сарапшы бар. Олар елімізде әзірленетін оқулықтардың мазмұнын жіті тексеріп, мемлекеттік стандарттарға сәйкестігін бағалап жүр. Бұл – оқулық сапасын жақсартуға және білім беру саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған нақты шара.

«Платформаның енгізілуі педагогтарды іріктеу процесін барынша ашық әрі әділ етті. Біз кәсіби қауымдастықты тиімді қалыптастырып, сапалы мамандарды тартуға қол жеткіздік», – дейді орталық директоры Назира Абдрахманова.

Іріктеуге қатысу үшін мұғалімдер, әдіскерлер және ғылыми қызметкерлер өздерінің пәндік біліктілігін дәлелдеуі қажет. Тіркеу барысында жеке кабинет ашылып, портфолио мен құжаттар жүктеледі. Кейін онлайн-тест пен кейс тапсырмасын орындау кезеңі өтеді. Сарапшылар оқулықтардың ғылыми негізділігін, жас ерекшелігіне сайлығын, тілдік мәдениетін, инклюзивтілігін және цифрлық контент қауіпсіздігін бағалайды. Әрбір шешім кодекс этикасы негізінде қабылданып, қорытындылар міндетті түрде межелік сараптамадан өтеді.

Шымкенттегі ұстаздар үшін бұл бастама – тек кәсіби даму алаңы ғана емес, сонымен қатар отандық білім сапасына үлес қосатын үлкен мүмкіндік. Сертификат алған педагогтер жаңа оқулықтардың макеттерін сараптауға, сынақ материалдарын талдауға қатысып, өз тәжірибесін бөлісе алады. Бұл – білім беру саласындағы ең жауапты әрі қоғам үшін маңызды жұмыстардың бірі.

Өтініш қабылдау тұрақты негізде жүргізіледі. Толық ақпаратты E-EXPERT.GOV.KZ платформасынан немесе анықтамалық орталықтан алуға болады.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР