
Елімізде жарияланған Жұмысшы мамандықтары жылы аясында Шымкент қаласындағы мектептерде де оқушыларды кәсіби бағытта оқытуға арналған бейіндік сыныптар ашылып жатыр. Бұл бастама Оқу-ағарту министрлігінің «1000 бейіндік сынып» жобасы аясында жүзеге асуда. Негізгі мақсат – мектеп қабырғасындағы жастарды еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға ерте бейімдеу және болашақ кәсібін дұрыс таңдауға бағыт беру.
Жоба аясында республика бойынша 31 мыңнан астам оқушы кәсіби дағдыларды меңгеретін болса, соның елеулі бөлігі Шымкент қаласындағы білім ордаларында оқиды деп күтілуде. Қалалық білім басқармасының мәліметінше, биылғы оқу жылында шаһардағы бірқатар мектептерде техникалық және инженерлік, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, қызмет көрсету, көлік және логистика, сондай-ақ медицина мен әлеуметтік қызмет көрсету бағыттарында жаңа бейіндік сыныптар өз жұмысын бастады.
Бұл сыныптардың ерекшелігі – тек теориямен шектелмей, оқушылардың практикалық білімін дамытуға басымдық беріледі. Мәселен, IT бағыты бойынша оқитын жоғары сынып оқушылары қаладағы колледждер мен университеттердің зертханаларында тәжірибеден өтеді. Ал ауыл шаруашылығы мен экология бағытында білім алушыларды «Шымкент тазалық», «Жасыл белдеу» және ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлескен оқу-жаттығу жұмыстары күтеді.
Шымкент қалалық білім басқармасы өкілдерінің айтуынша, бейіндік сыныптар 9–11-сынып оқушыларына арналған. Әр сынып өңірдің еңбек нарығындағы нақты сұранысқа қарай жасақталады. Яғни, қай салада маман жетіспейді – сол бағытқа бейімделген оқу бағдарламасы енгізіледі. Бұл – білім беру мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік беретін маңызды қадам.
Жаңа форматтағы сыныптардың ашылуына жергілікті жоғары оқу орындары, колледждер мен жұмыс берушілер де белсенді қатысып отыр. Олар оқу бағдарламаларын жетілдіруге, тәжірибелік сабақтарды өткізуге және дарынды оқушыларды қолдауға атсалысуда.
Айта кетерлігі, бейіндік сыныптардың бағытын оқу жылы ішінде екі рет өзгертуге мүмкіндік бар. Бұл – оқушыларға өз бейімділігін анықтауға және таңдаған кәсібін қайта қарауға еркіндік береді.
Мамандардың пікірінше, мұндай бастама Шымкент қаласының еңбек нарығына оң әсер етеді. Себебі, бүгінде өндіріс, техника, медицина және қызмет көрсету салаларында білікті кадр тапшылығы сезіледі. Ал мектеп қабырғасынан бастап кәсіби бағыт алу – жастардың жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттырып, олардың әлеуметтік жауапкершілігін күшейтеді.
Осылайша, Шымкент қаласында бейіндік сыныптардың ашылуы – тек білім саласындағы жаңашылдық емес, сонымен қатар қаланың экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған стратегиялық қадам болып отыр.
