2025-11-13 14:39:52
18.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Шымкент мектептерінде күзгі демалыс қызықты әрі пайдалы түрде өтеді

Қазақстандық оқушылар үшін бірінші тоқсан өз мәресіне жетіп, 27 қазаннан бастап күзгі демалыс кезеңі басталды. Осы орайда ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында демалыс күндерін мазмұнды өткізу бойынша арнайы ұсыныстар дайындап, барлық өңірлерге, соның ішінде Шымкент қаласының білім басқармасына жолдады.

Шымкент қаласында бұл ұсыныстар негізінде оқушылардың демалысын тиімді ұйымдастыруға бағытталған түрлі мәдени, тәрбиелік және спорттық іс-шаралар жоспарланған. Қалалық білім басқармасының мәліметінше, демалыс аптасында 150-ден астам мектеп оқушылары кәсіпорындар мен өндіріс орындарына экскурсия жасап, мамандық таңдауға қатысты тәжірибелік сабақтарға қатысады.

Бұдан бөлек, үйде оқитын немесе өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар үшін виртуалды экскурсиялар, онлайн жарыстар мен психологиялық тренингтер ұйымдастырылуда.

Ата-аналармен қарым-қатынасты нығайтуға да ерекше көңіл бөлінген. Қала мектептерінде отбасылық интернет-марафондар, шығармашылық кештер мен спорттық жарыстар өтеді.

Қалалық білім басқармасы ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету орталықтарының жұмысын күшейтті. Бұл орталықтарда полиция, дәрігер және ТЖ қызметкерлерінің қатысуымен балалардың қауіпсіздігі мен зиянды әдеттердің алдын алу бойынша кеңестер беріледі. Сонымен қатар, барлық мектептерде демалыс қарсаңында оқушылар мен ата-аналарға өмір қауіпсіздігі ережелері мен жол қозғалысы туралы нұсқаулықтар өткізілді.

Айта кетейік, биылғы оқу жылында күзгі демалыс 27 қазаннан 2 қараша аралығында өтеді және 7 күнтізбелік күнді қамтиды. Осы уақыт аралығында Шымкент мектептерінде 500-ден астам түрлі бағыттағы іс-шара ұйымдастырылмақ.

Мұндай белсенді демалыс оқушылардың жаңа тоқсанды сергек әрі шабытпен бастауларына мүмкіндік беріп, олардың танымдық қабілетін, өмірлік дағдыларын дамытуға жол ашады.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР