Жаңа оқу жылынан бастап Шымкент қаласындағы мектептерде ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған кешенді шаралар қолға алынды. ҚР Оқу-ағарту министрлігі бекіткен психологиялық-педагогикалық қолдау стандартына сәйкес, білім беру ұйымдары ерекше оқушылардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып жұмыс істейді.
Шымкентте бүгінде 30 мыңға жуық ерекше бала мектепке барады. Олардың барлығына оқу процесінде тең мүмкіндік жасау үшін мектептерде пандустар, арнайы лифтілер, тактильді жолақтар орнатылып, санитарлық тораптар бейімделіп жатыр. Сонымен қатар инклюзивті білім беруді дамыту мақсатында әр мектепте педагог-ассистент, дефектолог, логопед және психолог штаттары енгізілді.
Жаңа стандарттың ерекшелігі – әр балаға жеке оқу маршрутын әзірлеу. Ол үшін мектеп мұғалімдері ата-аналармен және қолдау мамандарымен бірлесіп жұмыс істейді. Сабақ кестесіне түзету курстары, психологиялық тренингтер, арт-терапия және әлеуметтік бейімдеу жаттығулары қосылды.
«Бұл қадам – ерекше балалардың әлеуетін толық ашуға, олардың қоғамға бейімделіп, өз қатарластарымен тең дәрежеде білім алуына мүмкіндік береді. Шымкент мектептерінде инклюзивті кабинеттердің ашылуы – үлкен жетістік. Мұнда балалар тек білім алып қана қоймай, шығармашылықпен айналысады, өзіне сенімділігін арттырады», – дейді Шымкент қалалық білім басқармасының өкілдері.
Сондай-ақ жаңа стандарт аясында мұғалімдерге арналған арнайы курстар жүргізілуде. Қаламыздың 2 мыңнан астам педагогі ерекше балаларды оқытудың жаңа әдістемелерін меңгеріп шықты. Білім беру сапасын арттыру мақсатында мектептерге 300-ге жуық инклюзивті құрал-жабдық – Брайль әліпбиіндегі кітаптар, дыбыстық оқулықтар, интерактивті бағдарламалар жеткізілді.
Бұл шаралар Шымкенттің білім беру жүйесін бір қадам алға жылжытып, әр баланың сапалы білім алу құқығын қамтамасыз етуге бағытталған. Ең бастысы – ерекше балалар енді өздерін мектеп қауымдастығының толыққанды мүшесі ретінде сезіне бастады.