2025-10-12 08:39:24
18.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Шымкент мектептерінде ата-аналар комитеттерінің алғашқы жиналыстары өтеді

Шымкент қаласының мектептерінде қыркүйектің 15–20 аралығында ата-аналар комитеттерінің алғашқы жиналыстары өтеді. «Мектеп пен отбасы: тәрбиелі әрі жауапты тұлғаны қалыптастырудағы ынтымақтастық» тақырыбындағы бұл кездесулер жаңа оқу жылының маңызды оқиғаларының біріне айналмақ. Шаралар «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы мен «Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында ұйымдастырылып отыр.

Басты мақсат – мектеп пен отбасының арасындағы байланысты күшейту, ата-аналардың мәдениетін дамыту, балаларды әділеттілікке, еңбекқорлыққа және жауапкершілікке баулуда ортақ көзқарас қалыптастыру. Мамандардың пікірінше, мектептің тәрбие жұмысы ата-аналардың белсенді қатысуынсыз нәтижелі болмайды. «Ата-аналардың оқу-тәрбие процесіне араласуы, балаларға ортақ құндылықтарды сіңіруде мектеппен бірге қадам басуы өте маңызды», – дейді Тәрбие және қосымша білім беру департаментінің директоры Ерлан Қалмақов.

Жиналыстарға Шымкент қаласының барлық мектептерінде мыңдаған ата-ана қатысады деп күтілуде. Кездесулерде ата-аналар комитетінің мүшелері ашық сайлау арқылы бекітіліп, алдағы жылға арналған жоспарлар талқыланады. Сондай-ақ волонтерлік жобалар ұсынылып, мектеп пен отбасы арасындағы ынтымақтастықты нығайту жолдары қарастырылады.

Күн тәртібінде оқушылар арасында буллингтің алдын алу, қауіпсіз орта қалыптастыру, мектептегі ыстық тамақтың жаңа стандарттарын енгізу мәселелері бар. Бұдан бөлек, «Ата-ана кабинеті» цифрлық платформасының мүмкіндіктері таныстырылып, ата-аналар мен мектеп арасындағы кері байланысты күшейтуге бағытталған ұсыныстар айтылады. Академиялық адалдық мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары да жүргізіледі.

Қыркүйек пен қазан айларында қала және аудан деңгейінде ата-аналар комитеттерінің кеңейтілген отырыстары ұйымдастырылады. Ал қараша айында «мектеп – ата-ана – қоғам» ынтымақтастығын дамытуға арналған алғашқы республикалық форум өтеді деп жоспарланып отыр. Бұл алаң еліміз бойынша ата-аналар комитеттерінің қызметін жаңғыртуға, олардың жұмысын ашық әрі тиімді етуге мүмкіндік береді.

Шымкенттік ұстаздар мен ата-аналар алдағы жиналыстар балалардың тәрбиесіне жаңа серпін беріп, мектеп пен отбасы арасындағы өзара сенім мен түсіністі нығайтады деп сенеді.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР