2025-10-12 16:04:11
22.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Шымкент: мектептер мен колледждерде «ДосболLIKE» бағдарламасы іске қосылды

Жаңа оқу жылынан бастап Шымкент қаласының барлық мектептері мен колледждерінде алғаш рет отандық «ДосболLIKE» антибуллингтік бағдарламасы енгізілді. Бұл жоба балалар мен жасөспірімдер арасындағы буллингті азайтып, оқу орындарында қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

Бағдарлама халықаралық тәжірибелер мен отандық заңнамалық құжаттарға сүйеніп әзірленген. Ол балалардың әл-ауқаты индексінің қағидаттарын қамтиды және ең бастысы – мектептерде өзара құрметке, сенімге негізделген мәдениетті қалыптастыруды көздейді.

Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, бағдарламаның апробациясы еліміздің тоғыз өңіріндегі 50 мектепте жүргізілген. Оның ішінде Астана мен Алматы қалаларында, сондай-ақ Абай және Жамбыл облыстарында тиімді нәтижелер көрсетілді. Осы тәжірибе негізінде барлық аймақтарға, соның ішінде Шымкентке де енгізу басталды.

Бағдарлама аясында буллингке қатысты шағымдарды қабылдау, талдау, көмек жоспарын әзірлеу және қадағалау кезеңдері қарастырылған. Әр мектепте арнайы антибуллингтік топтар жұмыс істеп, балалардың қауіпсіздігіне тұрақты мониторинг жасайды. Мұндай тәсіл ұстаздардың, ата-аналардың және оқушылардың бірлескен әрекетін күшейтіп, сенім мен сыйластық мәдениетін орнықтырады.

Қалалық білім басқармасы мамандарының айтуынша, «ДосболLIKE» бағдарламасы мектеп ортасының мейлінше жайлы болуына ықпал етеді. Психологтар мен әлеуметтік педагогтар оқушыларға қажетті қолдау көрсетіп, жанжалды жағдайларды дер кезінде шешуге көмектеседі.

Бүгінде еліміз бойынша 2,5 мыңнан астам педагог, психолог және басқа да мамандар арнайы дайындықтан өткен. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 8 мыңға дейін жетпек. Шымкентте де ұстаздар мен мамандардың біліктілігін арттыру курстары ұйымдастырылып, антибуллингтік дағдыларды меңгеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Мамандардың айтуынша, бағдарламаның табысты жүзеге асуы әр баланың құқығын қорғап қана қоймай, жалпы мектептегі ахуалды жақсартады. «ДосболLIKE» бастамасы Шымкенттің білім беру ұйымдарында өзара сыйластық пен қолдауға негізделген жаңа мәдениетті қалыптастырып, балалардың өзін қауіпсіз әрі еркін сезінуіне жол ашпақ.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР