Шымкент қаласында да «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жаңа оқу жылына тың серпін беретін басқарушылық өзгерістер жасалды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» стратегиялық жобасы бойынша қаламыздағы жаңа форматтағы мектептерге 40-қа жуық жас директор тағайындалды.
Бұл бастама басқарушылардың жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған. Жоба Президенттік жастар кадр резервінің үлгісінде құрылып, болашақ мектеп басшыларын қызметке келмей тұрып оқытуға негізделген. Үміткерлер бес кезеңнен тұратын іріктеуден өтіп, кәсіби дайындықтан өтеді, тәжірибелі тәлімгерлермен жұмыс істейді және тағылымдамадан өтеді. Мұндай тәсіл сыни ойлай алатын, заманауи білім берудің талаптарына бейімделген көшбасшыларды қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Қазіргі таңда республика бойынша 150 «Келешек мектебі» жұмыс істеп тұр, оның ішінде Шымкент қаласында ашылған бірнеше мектеп жаңа кадрлық резервтен келген директорлардың басшылығымен жұмысын бастауда. Олар мектеп менеджментінде цифрлық технологияларды енгізіп, «Адал азамат» бағдарламасын, жасанды интеллектті қолдану тәжірибелерін және жаңа білім беру стандарттарын жүзеге асыруда.
Тамыз конференциясында «Келешек мектептері» директорларының арнайы форумы өтіп, онда Мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттар, білім берудегі деректерді талдау, ата-анамен серіктестік пен қауіпсіз орта құру мәселелері талқыланды. Әр мектеп енді KPI жүйесімен жұмыс істейді: оқушылардың жетістігі, мұғалімдердің кәсіби дамуға қатысуы, түлектердің бағыт таңдау сапасы, қауіпсіз орта индексі сияқты нақты көрсеткіштер басты назарда болады.
Шымкенттегі жаңа мектептер университеттермен, ІТ-компаниялармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп зертханалар ашып, оқушыларға жобалық оқу, кәсіби бағдар беру күндері мен волонтерлік бастамалар ұсынбақ. Сондай-ақ тәжірибе алмасу форумы тұрақты форматқа көшіп, үздік педагогикалық практикалар арнайы цифрлық кітапханаға жинақталады.
Жаңа буын директорларының келуі Шымкент мектептерінің басқару мәдениетін жаңғыртып, оқушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл қадам мегаполистің білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеретін маңызды өзгеріс болмақ.