ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында даярланған жаңа буын басшылары бүгінде Шымкент қаласында ашылған «Келешек мектептерін» басқарып, білім беру жүйесіне тың серпін әкелуде. Солардың бірі – аталған жобаға қатысып, кадрлық резервтен өткен жас жетекші, бүгінде қаламыздағы жаңа үлгідегі №124 «Келешек мектебінің» директоры болып тағайындалған Әсел Мұратқызы.
Қаладағы жаңа мектептің табалдырығын 3 мыңнан астам оқушы аттаған. Оларға 180-нен астам мұғалім сабақ береді. Басшының айтуынша, жоба оған стратегиялық ойлау мен команда құрудың жаңа тәсілдерін үйреткен. «Көшбасшылар жобасы бізге тек басқару машықтарын ғана емес, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуді де көрсетті. Мектеп – әр баланың болашағы басталатын орта. Сондықтан біз ең алдымен ұстаздар қауымын біріктіріп, бір мақсатқа жұмылдырдық. Нәтижесінде, пәндер оқушылар үшін анағұрлым мазмұнды әрі қызықты бола бастады», – дейді директор.
Мектеп ұстаздары да оң өзгерістерді атап өтуде. Әсіресе информатика, STEM және робототехника пәнінің мұғалімдері жаңа жабдықталған кабинеттердің арқасында оқушыларға жасанды интеллект құралдарын қолдана отырып сабақ өткізе бастағанын айтады. «Балалар тақырыпты жылдам қабылдайды, енді сабақ тек теориямен шектелмей, тәжірибеге негізделіп өтті. Бұл олардың қызығушылығын арттырып, білімді терең меңгеруге жол ашты», – дейді информатика пәнінің мұғалімі.
Шымкенттегі «Келешек мектебінде» спортқа да айрықша көңіл бөлінген. Бірден төрт спорт залының болуы – оқушылардың денсаулығын нығайтуға мүмкіндік береді. Қыздар мен ұлдарға арналған арнайы шеберханаларда балалар шығармашылық қабілетін дамытып, еңбек дағдыларын меңгеруде. Мұның бәрі білім беру сапасын ғана емес, жас ұрпақтың жеке тұлға болып қалыптасуына ықпал етіп отыр.
Бүгінде Шымкент қаласындағы «Келешек мектептерін» басқарып отырған резервист-директорлар жаңа басқару мәдениетін енгізіп, білім беру процесін жетілдіруге бар күшін салуда. Бұл – тек мектептің ғана емес, жалпы қоғамның дамуына қосылған маңызды үлес.