Бүгінгі қоғамның қарқынды дамуы ертеңгі ұрпақтың сапалы білім алуына тікелей байланысты. ХХІ ғасырда білім саласы технологиялық серпіліс кезеңін бастан өткеріп отыр. Жасанды интеллект, цифрландыру, жаңа әдістемелер – барлығы мектеп оқушысының болашағына ықпал ететін маңызды тетіктер.
Осы тұрғыдан алғанда, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жай ғана білім ордасы емес, әр балаға өзін-өзі табуға, қабілетін дамытуға мүмкіндік беретін жаңа кеңістік болып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Әділетті Қазақстанды құру үшін біз ең алдымен сапалы білім беру жүйесін қалыптастыруымыз керек» деген сөзі – бұл жобаның негізгі бағытын айқындайтын бағдаршам іспетті.
Жобаның басты мақсаты – еліміздің барлық өңірінде, соның ішінде Шымкент қаласында да, әр балаға тұрғылықты жеріне қарамастан заман талабына сай білім алуға тең мүмкіндік беру. Жаңа үлгідегі мектептер бұрынғы типтік ғимараттарға қарағанда 15–20%-ға кең, ал техникалық жарақтануы төрт есеге артық. Мұндай артықшылық ұстаздардың жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, оқушылардың оқу сапасын едәуір арттыруға жол ашады.
Шымкентте биыл бірнеше жаңа мектеп бой көтеріп, оқушыларға есігін айқара ашты. Заманауи кабинеттер, робототехника және STEM-зертханалар, кең спорт залдары, кітапхана мен коворкинг аймақтары – барлығы оқушыға жан-жақты даму мүмкіндігін беруге бағытталған. Әсіресе ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін қолжетімді орта қарастырылған: пандустар, лифттер, тактильді белгілер орнатылған.
Қауіпсіздік те назардан тыс қалмаған. Мектептер бейнебақылаумен толық қамтылып, «дабыл түймесі» мен турникеттер орнатылды. Әр кабинет кең әрі жарық, ал асханалар мен кітапханалар жаңа стандарт бойынша жабдықталды. Оқушылардың шығармашылық әлеуетін ашу үшін түрлі үйірмелер мен клубтар іске қосылды.
«Келешек мектептері» – тек білім беру ғимараты емес, болашаққа бастайтын алтын көпір. Бұл жоба Шымкенттің зияткерлік әлеуетін арттырып, қаланың даму қарқынын күшейтетін негізгі тіректердің бірі болмақ. Әр балаға сапалы білім мен тең мүмкіндік берген қоғамның болашағы қашанда жарқын болары сөзсіз.