2026-01-11 13:51:23
15.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

«Сапалы білім» кешенді дамыту жобасы әзірленді

Шымкент қаласындағы №150 мектепте қалалық ішкі саясат басқармасы мен қалалық әдістемелік орталықтың бірлесе ұйымдастыруымен Жеңістің 80 жылдығына орай «Батырлар арамызда» ғылыми-зерттеу жоба байқауы өткен еді. Оған Шымкент қаласының жалпы орта білім беру ұйымдарының 8-10 сынып оқушылары қатысты. Басты мақсат – Ұлы отан соғысына қатысқан жауынгерлердің ерлігін насихаттау, олардың отансүйгіштік қасиетін жас ұрпаққа үлгі ету, тарихи жадыны сақтау арқылы елге деген құрмет пен патриоттық рухты қалыптастыру.

Байқау бойынша жұмыстар 1 ай көлемінде іріктеліп, жалпы 90-ға жуық жұмыс келіп түскен. Екінші кезеңге 28 мектептен 30 оқушы өтіп, олар Ұлы Отан соғысында елі, жері үшін жанын пида еткен ерлер жайында тың тақырыптар, деректерді паш етті. Атап айтқанда, оқушылар Сабыр Рахымов, Қарсыбай Сыпатаев, Талғат Бигелдинов, тағы басқалар жөнінде ғылыми зерттеу жұмыстарын ұсынды.

Одан бөлек, қалалық әдістемелік орталық даңқты жауынгер Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына орай «Ерлік пен елдік сабақтастығы: қазіргі білім беру жүйесінде» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Конференция

Б.Момышұлының тарихи, әдеби және рухани мұрасын, оның ерлік өнегесі мен ұлттық құндылықтар жолындағы қызметін жас ұрпақтың тәрбиесінде дәріптеу әдістемесін ұсынуды мақсат еткен. Іс-шараға жоғары оқу орындарының ғалымдары, мектеп директорлары, техникалық және кәсіптік, жалпы орта білім беру ұйымдарының педагогтері, сондай-ақ, Астана, Шымкент қалалары мен Солтүстік Қазақстан, Атырау, Павлодар, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстарынан онлайн және офлайн форматта, жалпы 300 адам қатысты.

Теориялық бөлімде ғалымдар мен тәжірибелі ұстаздар білім беру ұйымдарының ғылыми-тәжірибелік байланысын нығайту, патриоттық тәрбие беру әдістерін жетілдіру, ұлттық құндылықтарды оқу процесіне енгізу туралы ойларымен бөлісті. Ал, тәжірибелік бөлімде техникалық, кәсіптік және жалпы орта білім беру ұйымдарының педагогтері практикалық бағытта әдістемелік ұсыныстарын, кәсіби дағдыларын және креативті оқыту тәсілдерін ұсынды. Конференция соңында үздік баяндамалар мен тәжірибелік жұмыстың нәтижелері талқыланып, педагогтердің кәсіби дамуына үлес қосатын ғылыми-тәжірибелік материалдар жинақталды.

Мұның бәрі де мектептегі оқу-тәрбие жұмыстарын жандандыру, оқушыларды патриоттық рухта тәрбиелеу, білім беру сапасын арттырудағы жүйелі іс-шаралар. Ендігі ретте шаһарда осы бағыттағы жоспарлы іс-шаралар одан әрі жандана түспек. Таяуда қала әкімінің орынбасары Сәрсен

Құранбек баспасөз брифингінде Шымкент қаласындағы білім беру сапасын арттыру бағытында бірқатар жаңа бастамалар мен жобалар қолға алынатынын айтып, ол туралы кеңірек баяндап берді. Сәрсен Абайұлының айтуынша, қала мектептеріндегі оқыту сапасын көтеру, білім алшақтығын азайту, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін дамыту және оқу үдерісін цифрландыру негізінде білім сапасының тұрақты өсіміне қол жеткізу мақсатында «Сапалы білім» кешенді дамыту жобасы әзірленіп жатыр.

Жоба білім басқармасының құрылымдық бөлімшелері, әдістемелік орталық, біліктілік арттыру орталықтары және Шымкент қаласындағы барлық орта білім беру ұйымдары арқылы іске асырылады.

Өңірдегі білім сапасы – әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі индикаторларының бірі. Сол себептен, функионалдық сауаттылық деңгейін көтеру керек.

Соңғы жылдардағы мониторинг нәтижелері бірқатар жүйелі проблемалардың бар екенін көрсетеді: білім сапасының мектептер мен өңірлер арасында төмен болуы; функционалдық сауаттылық деңгейінің (оқу, жаратылыстану, математикалық сауаттылық) төмендігі, халықаралық зерттеулер (PISA, TIMSS, PIRLS, т.б) форматындағы тапсырмаларды орындаудағы қиындықтар; педагогтердің кәсіби құзыреттілігі мен әдістемелік дайындық деңгейінің әркелкілігі; бағалау және оқу жетістіктерін диагностикалау құралдарының әлсіздігі; білім беру ұйымдарындағы цифрландырудың біркелкі еместігі. Міне, осындай жүйелі мәселелер бар.

С.Құранбектің айтуынша, осыған байланысты білім беру жүйесін деректерге негізделген басқару моделіне көшіру, педагогтердің кәсіби деңгейін жүйелі көтеру, функционалдық сауаттылықты дамыту және оқыту сапасын біріздендіру Шымкент қаласы үшін стратегиялық міндет болып саналады.

Жобаның идеясы педагог кадрлардың кәсіби біліктілігін, білім сапасының мониторингі мен тәрбие жұмыстары мен басқару жүйесінің сапасын арттыру, оқыту сапасын жақсарту үшін мектептерде жұмыс жасап жүрген біліктілігі жоғары мұғалімдер мен директордың орынбасарлары тәжірибесін тарату, жоғары нәтижеге қол жеткізу. Қазіргі таңда аталған жобаның тұжырымдамасы мен жұмыс жоспары дайындалуда.

Сондай-ақ, оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру мақсатында «Оқылым», «Жазылым», «Тыңдалым» және «Айтылым» дағдыларын кешенді түрде дамытуға ерекше көңіл бөліп, бұл бағытта білім беру үдерісін жаңғыртуға, оқу бағдарламаларын жетілдіруге және әдістемелік қолдауды күшейтуге бағытталған кешенді іс-шараларды іске асырылады.

Қала әкімі орынбасарының сөзіне сүйенсек, білім сапасын арттыруға бағытталған кешенді іс-шара жоспарында оқылым дағдысын қалыптастыруға бағытталған «Кітаппен қанаттан» жобасы іске асатын болады. Аталған жоба аясында Абай шығармашылығын насихаттау, оқушылардың классикалық әдеби шығармаларды оқуға деген қызығушылығын арттыру, эстетикалық талғамы мен шығармашылық қабілеттерін дамыту, ұлы ақынның поэзиясына, рухани мұрасына құрметі мен сүйіспеншілігін арттыру мақсатында дәстүрлі түрде өткізіліп жүрген «Абай оқулары» байқауы 2-10 сынып оқушылары арасында ақпан, сәуір айларында 4 кезеңде ұйымдастырылады.

Қазақтың ақын, жазушыларының шығармашылығын насихаттау, оқушылардың классикалық әдеби шығармаларды оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында, 2-10 сынып оқушылары арасында «Жыр бұлағы – сөз сыры» байқауы өтеді. Байқауда оқушылар жас ерекшеліктеріне қарай, оқу бағдарламаларында ұсынылған ақын, жазушылардың поэзиялық және прозалық шығармаларынан оқыған үзінділерді көркем тілмен мазмұндап, жатқа айтып береді.

Қазақтың эпостық мұрасын дәріптеу негізінде 7-10 сынып оқушылары арасында оқылым дағдысын дамыту арқылы айтылым шеберлігіне жетелеу, көркем айтып жеткізу үдерісін қалыптастыру, ұлттық мәдениетке қызығушылығын арттыру мақсатында «Жыр додасы» байқауы жоспарланып отыр. Байқауда қатысушы қазақтың эпостық жырларынан (батырлар жыры, ғашықтық жыр, тарихи жырдан, дастандардан) ережеге сәйкес үзінділерді орындайды.

«Жазылым» дағдысын дамыту мақсатында «Алтын қалам» жобасы жүргізілмек. Аталған жоба аясында оқушылар мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тілге деген құрмет пен жауапкершілікті арттыру мақсатында 5-7 сынып оқушылары арасында өткізіліп жүрген «Ұлттық диктант» қалалық байқауы 2-10 сынып оқушылары арасында жалғасын табады. Функционалдық сауаттылықты арттыруға өз септігін тигізеді.

Сондай-ақ, оқыған, тыңдаған ақпаратын «Жазылым» дағдысын және оқушылардың мәтінді түсіну, мазмұнын жүйелі түрде жеткізу, сауатты жазу, ойды байланыстырып жеткізу, сөздік қорын, тілдік сауаттылығын арттыру, оқу мен жазуға қызығушылығын дамыту мақсатында 5-7 сынып оқушылары арасында «Сөз мерейі» тақырыбында мазмұндама жазу байқауы жоспарланып отыр.

Сауатты жазуға бағытталған оқушыларды кітап оқуға дағдыландыру, оқуды өмір салтына айналдыру, ұлттық сана мен рухани деңгейі жоғары тұлға қалыптастыру, жазу барысында лексикалық, фразеологиялық, грамматикалық және стилистикалық ережелерді сақтау мақсатында «Озық ойлы ұлт» атты шығарма (әдеби эссе, әңгіме) жазу байқауы 7-10 сынып оқушылары арасында өткізілмек.

Республикалық «Ұлттық диктант» жобасы негізінде білім беру мекемелері директорлары арасында «Сауатты басшы — сапалы білім кепілі» тақырыбында бірыңғай диктант жазу іс-шарасы ұйымдастырылмақ. Ондағы мақсат – мектеп басшыларының тіл мәдениеті мен жазу сауаттылығын арттыру, басшы тұлғасының үлгі боларлық сауаттылығын дәріптеу және ұжымға, тілге деген жауапты көзқарас қалыптастыру.

Оқушылардың «Тыңдалым» және «Айтылым» дағдыларын дамыту, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, түрлі тақырыптарда өз пікірін еркін білдіру және қабылдау қабілеттерін жетілдіру мақсатында «Сөз құдіреті» жобасы жүргізілетін болады. Жоба аясында дебаттар, челлендждер, сөз сайысы мен түрлі байқаулар қолға алынады.

Өткізілетін байқаулардың барлығының ережесі оқушылардың жас ерекшелігіне қарай, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартындағы оқу бағдарламаларына негізделіп құрастырылды.

Қазіргі таңда білім беру саласында жасанды интеллект (ЖИ) және цифрлық технологияларды тиімді пайдалану XXI ғасыр дағдыларын қалыптастырудың негізгі шартына айналып отыр. Педагогтердің және оқушылардың цифрлық құзыреттілігін арттыру, инновациялық құралдарды меңгеру мен білім беру процесіне енгізу – сапалы білімнің басты кепілі.

Осыған байланысты Шымкент қаласында инновация мен цифрлық оқытуды дамытуға бағытталған бірыңғай білім беру экожүйесін қалыптастыру қажеттілігі туындап отыр. Осы орайда, педагогтер мен оқушылардың жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды қолдану дағдыларын арттыру, инновациялық оқыту тәжірибесін жүйелеу және тарату мақсатында «Shymkent Bilim Hub» жобасы жүргізілмек. Бұл жоба педагогтер мен оқушылардың жасанды интеллект және цифрлық құзыреттіліктерін дамыту орталығымен бірлесе іске асырылады.

«Shymkent Bilim Hub» жобасында оқыту және біліктілікті арттыру бойынша семинарлар, тренингтер, онлайн курстар, инновациялық тәжірибе алаңы ретінде ЖИ-ді қолдану бойынша пилоттық мектептермен жобалар мен байқаулар ұйымдастырылып, оқушылар мен мұғалімдердің инновациялық бастамаларын қолдау жұмыстары жүргізіледі.

Айта кетсек, аталған жобалар мен байқаулар әр тоқсанда, кезең-кезең бойынша өткізіледі.

Дерек көзі: shymkala.kz

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР