2025-12-31 14:16:30
0.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция «Ерлік пен елдік сабақтастығы: қазіргі білім беру жүйесінде»

2025 жылдың 26 қарашасында Әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен даңқты қолбасшы, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының 115 жылдық мерейтойына арналған «Ерлік пен елдік сабақтастығы: қазіргі білім беру жүйесінде» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Елдік рухты негіз еткен ауқымды шараға Астана, Шымкент қалалары мен еліміздің түрлі аймақтарынан 300-ге жуық маман онлайн және офлайн форматта қатысып, білім беру жүйесіндегі патриоттық тәрбиені жетілдіру бағыттарын талқылады.

Конференцияның басты мақсаты — Бауыржан Момышұлының тарихи, әдеби және рухани мұрасын жас ұрпақ санасына сіңіру, оның ерлік өнегесін оқу-тәрбие үдерісіне кіріктірудің тиімді жолдарын айқындау. Қатысушылар батыр тұлғаның әскери-патриоттық тәлімінің қазіргі білім беру кеңістігіндегі өзектілігін, елдік идеологияны нығайтудағы рөлін жан-жақты қарастырды.

Іс-шара барысында педагогтер, әдіскерлер, тарихшылар және зерттеушілер ерлік тәрбиесін күшейтуге арналған заманауи әдістемелерді, мектеп бағдарламаларындағы патриоттық бағыттың мазмұнын және ұлттық құндылықтарды жаңғырту механизмдерін ортаға салды. Сондай-ақ, Б. Момышұлының өмір жолы мен шығармашылық мұрасының жас буынға әсері, оның қаһармандық мектебінің тәрбиелік әлеуеті кеңінен талқыланды.

Конференцияда ұсынылған баяндамалар мен практикалық зерттеулер қазіргі педагогикадағы жаңа тенденциялармен байланыстырылып, ұлттық тәрбие мазмұнын жаңғыртуға арналған нақты ұсыныстар жасалды. Патриоттық бағыттағы тәрбие жұмыстарының тиімділігін арттыруда өңірлер арасындағы тәжірибе алмасудың, ғылыми негізделген әдіс-тәсілдердің маңызы ерекше атап өтілді.

Іс-шара соңында қатысушыларға ерлік пен елдік құндылықтарын білім беру үдерісіне енгізуге бағытталған арнайы рекомендациялар, қорытынды резолюция және ғылыми-әдістемелік ұсыныстар пакеті таныстырылды. Сонымен қатар педагогтерге сертификаттар табысталып, конференция материалдары жинақ күйінде ұсынылды.

Бұл республикалық басқосу ұлттық тәрбие бағытында жаңа серпін беріп, білім беру ұйымдарының өзара ынтымақтастығын күшейтуге мүмкіндік жасады. Бауыржан Момышұлының өшпес ерлік жолы мен рухани мұрасын жас ұрпақ бойына сіңіру — болашаққа деген сенімді нығайтып, елдік мұраттарды дәріптеудің маңызды қадамдарының бірі ретінде бағаланды.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР