
Шымкент мектептерінде жаңа оқулықтар сынақтан өтуде: білім сапасын арттыруға бағытталған апробация басталды. 29 қыркүйектен бастап еліміздің 34 пилоттық мектебінде, соның ішінде Шымкент қаласындағы бірнеше білім ордаларында, 2026–2027 оқу жылына арналған жаңа буын оқулықтарының апробациясы басталды. Бұл бастаманы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім мазмұнын сараптау республикалық ғылыми-практикалық орталығы жүзеге асырып отыр.
Жоба аясында 4-сынып және 7–10 сынып оқушыларына арналған бірқатар пәндердің оқулықтары сынақтан өтуде. Атап айтқанда, бастауыш сыныптарда – «Қазақ тілі», «Орыс тілі» (қазақ тілінде оқытатын мектептер үшін), «Математика», «Дүниетану», «Әдебиеттік оқу» пәндері қамтылса, орта буында – «Дүниежүзі тарихы», «Алгебра», «Қазақ тілі», «Химия», «Биология», «Физика», «География», «Құқық негіздері», сондай-ақ ағылшын, неміс және француз тілдері бойынша жаңа оқу құралдары сынақтан өтеді.
Білім мазмұнын сараптау орталығының директоры Назира Абдрахманованың айтуынша, апробацияның негізгі мақсаты – жаңа оқу бағдарламалары негізінде әзірленген оқулықтардың мазмұнын, әдістемелік және тілдік сапасын бағалау, олардың күшті және әлсіз жақтарын анықтау.
«Бұл жұмыс мектептерге енгізілмей тұрып, ең тиімді, түсінікті әрі заманауи талаптарға сай оқулықтарды таңдап алуға мүмкіндік береді. Оқушылар мен мұғалімдердің пікірлері сараптамада басты рөл атқарады», – деді ол.
Шымкент қаласындағы №65, №90 және №23 мектептер де осы тізімге енгізілген. Қала педагогтері жаңа оқулықтардың құрылымы мен тапсырмаларына талдау жасап, авторлар мен баспаларға нақты ұсыныстар беріп отырады. Сонымен қатар, апробация барысында оқушылардың пәнге деген қызығушылығы, оқу нәтижелері мен материалды қабылдау деңгейі де ескеріледі.
Айта кету керек, оқулықтарды сараптау процесі бес кезеңнен тұрады:
ғылыми-педагогикалық сараптама;
пысықтау кезеңі;
пилоттық мектептерде апробация;
қоғамдық талқылау;
пәндік сараптамалық комиссияның қорытындысы.
Бұл жүйе оқулықтардың сапасын кешенді бағалауға және білім беру мазмұнын халықаралық деңгейге жақындатуға бағытталған.
Сонымен қатар, білім беру саласында тәжірибесі бар педагогтер bmso.kz ресми сайты арқылы сарапшы болуға өтінім бере алады. Бұл – ұстаздар үшін өз тәжірибесін ұлттық деңгейде қолдануға және жаңа буын оқу құралдарын жетілдіруге үлес қосуға тамаша мүмкіндік.
Шымкент мектептеріндегі апробация нәтижесі жаңа оқу жылы қарсаңында еліміз бойынша енгізілетін оқулықтардың сапасын айқындайды. Білім сапасын арттыруға бағытталған бұл бастама қала ұстаздары мен оқушыларының тәжірибелік үлесімен жүзеге асып отыр.
