Шымкент қаласында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру, жаңа оқу жылына дайындық, қоғамдық көлік желісін жақсарту мен азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында кешенді шаралар атқарылып жатыр. Бұл туралы қалалық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мәлімдеді.
Жаз мезгілінде әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасылардан шыққан 8 мыңға жуық бала қала сыртындағы сауықтыру лагерлеріне жолдама алған. Бұл – мемлекет тарапынан балалардың қауіпсіз әрі пайдалы демалысын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қолдау. Сонымен қатар, жаңа оқу жылына дайындық та қарқынды жүргізілуде. Биыл мектеп табалдырығын алғаш аттайтын оқушылар саны 27 546-ға жетеді деп күтілуде. Бүгінде оның 21 097-сі тіркеліп үлгерген. Өтініштердің басым бөлігі электронды форматта egov.kz порталы арқылы қабылданған. Әкімдік ата-аналарға қағаз түрінде емес, цифрлық өтініш берудің ыңғайлы екенін ескертті. Сондай-ақ, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға «Мектепке жол» акциясы аясында әр оқушыға 46 500 теңгеден қаржылай көмек көрсетілмек. Бұл көмекті 56 мыңнан астам бала алатыны белгілі болды. Жалпы осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 2,6 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп отыр.
Әлеуметтік қолдаумен қатар жұмыспен қамту саласында да жүйелі істер қолға алынған. Сәрсен Абайұлы Құранбектің айтуынша, жыл басынан бері 770 адам қысқа мерзімді оқыту курстарына жіберілген. Оның 610-ы колледждерде және оқу орталықтарында білім алып жатса, қалғаны жұмыс беруші мекемелер базасында өндірістік тәжірибеден өтуде. Бұл азаматтарға мемлекет есебінен шәкіртақы төленеді. Қайта даярлау курстары негізінен сұранысқа ие мамандықтарды қамтиды. Атап айтқанда, аспаз, тігінші, электрик, визажист, шаштараз және есепші сынды бағыттар бар.
Жиын барысында тұрғындар тарапынан әлеуметтік желілер арқылы жолданған сауалдар мен ұсыныстар да назарға алынып, әкімдік әр пікірге жауап беруге, қоғаммен ашық жұмыс істеуге дайын екенін білдірді.
«Шымкент келбеті»