
Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі балалар мен тұлғаларды қорғауға бағытталған «Мүмкіндігі шектеулі балаларды (тұлғаларды) кешенді қолдау туралы» жаңа Заң жобасы әзірленіп жатыр. Бұл бастама — елімізде инклюзивті білім беру мен әлеуметтік теңдік қағидаттарын дамытудың маңызды кезеңі. Құжат Мемлекет басшысының IV Ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмасына және Парламент Сенаты депутаттарының ұсынысына сәйкес дайындалуда.
Жаңа заңның басты мақсаты — ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға сапалы біліммен қатар медициналық және әлеуметтік қызметтерге тең әрі үздіксіз қолжетімділікті қамтамасыз ету. Бұл жүйе ерекше баланың дамуын тек мектеп деңгейінде емес, отбасынан бастап қоғамға бейімделуіне дейін толық қамтуды көздейді.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Инклюзивті және арнайы білім департаментінің директоры Бұлбұл Елеусінова атап өткендей:
«Заңның қабылдануы кешенді көмекке мұқтаж балалар үшін келісілген, атаулы және тұрақты қолдау жүйесін құруға мүмкіндік береді. Бұл құжат 2024 жылы БҰҰ-ның Мүгедектер құқықтары жөніндегі комитеті ұсынған ұсынымдарды іске асыру мақсатында әзірленді».
Ресми мәліметке сүйенсек, елімізде қазіргі таңда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 235 мың бала бар. Оларды қолдау үшін 508 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді: 110 психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес (ПМПК), 230 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті (КППК), 99 арнайы мектеп, 45 арнайы балабақша, 13 оңалту және 11 аутизм орталығы.
Шымкент қаласында да инклюзивті білім беру саласы белсенді дамуда. Қалада 30-дан астам мектепте инклюзия кабинеттері ашылған, 1000-нан аса ерекше бала білім алуда. Сонымен қатар, №2 арнайы мектеп-интернат, «Болашақ» оңалту орталығы және «Асыл Мирас» аутизм орталығы сынды мекемелер ерекше балалармен тұрақты жұмыс жүргізіп келеді.
Қалалық білім басқармасының дерегінше, Шымкенттегі педагогтардың 70%-дан астамы инклюзивті білім беру бойынша арнайы курстардан өткен. Мұғалімдер мен логопед, дефектолог, психолог мамандары ерекше оқушыларды әлеуметтендіру бағытында жаңашыл әдістемелер қолдануда.
Шымкент қаласында соңғы екі жылда 40-тан астам мектепте пандустар мен лифтілер орнатылып, тактильді белгілер мен дыбыстық бағыттау жүйелері енгізілген. Бұл шаралар ерекше балалардың оқу үдерісіне тең дәрежеде қатысуына мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, «Мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдау туралы» заң жобасы — қоғамның ең нәзік тобы саналатын балалардың тағдырына тікелей әсер ететін әлеуметтік маңызы зор бастама. Ол тек құқықтық құжат қана емес, қоғамның адамгершілік деңгейін көрсететін айна болмақ.
Шымкент қаласында инклюзивті білім беруді дамыту ісі бұл заң арқылы жаңа серпін алып, ерекше балалардың әлеуетін ашуға және олардың толыққанды қоғам мүшесі болуына жол ашпақ.
