
Елімізде педагогтердің кәсіби дамуына ғана емес, олардың менталдық саулығына бағытталған жаңа қадам жасалды. ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы Түркістан және Ақтөбе облыстарында педагогтерге арналған алғашқы психологиялық қолдау кабинеттерін ашты. Бұл бастама – білім саласындағы жүйелі өзгерістердің бірі, ал оның пайдасын көретін негізгі топтың ішінде Шымкент мұғалімдері де бар.
Шымкент – педагогтар саны ең көп қалалардың бірі. Қала мектептерінде 28 мыңға жуық мұғалім жұмыс істейді, олардың көпшілігі жоғары жүктемемен, үлкен сыныптармен және күрделі психоэмоционалды ортада қызмет етеді. Мұғалімдердің күйзелісі мен кәсіби шаршауы — жылдар бойы айтылып келген мәселе. Сондықтан психологиялық қолдау кабинеттерінің ашылуы оңтүстік өңірге де жаңа мүмкіндік беріп отыр: Шымкент педагогтері Түркістан филиалы арқылы кәсіби психологтардан жеке әрі құпия көмек ала алады.
Пилоттық жоба мұғалімдерге менталдық денсаулықты нығайту, кәсіби күйзелістің алдын алу, стрессті басқару дағдыларын жетілдіру секілді қолдауды ұсынады. Кабинеттерде тәжірибелі психологтар жеке және топтық кеңес жүргізеді, релаксация сабақтарын өткізеді, арт-терапия, тыныс алу жаттығулары, эмоционалды тепе-теңдікті қалпына келтіру тренингтерін ұйымдастырады. Педагогтер бұл қызметтерді «Өрлеу» біліктілікті арттыру курстары кезінде еркін пайдалана алады.
Жоба барысында құпиялылық, еріктілік және этикалық талаптар қатаң сақталады — бұл мұғалімдердің ашық түрде мамандармен жұмыс істеуіне жағдай жасайды. Әсіресе Шымкент сияқты мегаполисте, мұғалімдер саны көп әрі жұмыс ритмі жоғары қалада, психологиялық қолдаудың мұндай форматы өте қажет.
«Өрлеудің» мамандарының айтуынша, педагогтің кәсіби шеберлігі тек әдістемеден тұрмайды — оның ішкі күйі, эмоционалды тұрақтылығы, мотивациясы маңызды рөл атқарады. Ал ұстаздың ішкі жан-дүниесі реттелмесе, жаңа бағдарламаларды меңгеру де, оқушымен жұмыс та қиынға соғады. Осы жоба педагогтердің әл-ауқатын арттырып, білім сапасына да оң әсер етуі тиіс.
Алдағы уақытта мұндай кабинеттерді еліміздің басқа өңірлерінде де ашу жоспарланып отыр. Шымкент педагогтері үшін бұл бастаманың кеңейтілуі ерекше маңызды: қаладағы мұғалімдер саны жылдан-жылға артып келеді, демек қолдау құралдарының да жеткілікті болуы қажет.
Бұл — педагогтің саулығы қоғам саулығының бір бөлігі екенін мойындаған нақты қадам. Оны Шымкент те сезінетін болады.
