2025-10-13 03:36:47
12.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Қазақстан, Сингапур және Ұлыбритания Тәрбие жөніндегі халықаралық ұйым құруға кіріседі — Ғани Бейсембаев

Астанада Азия, Еуропа және Қазақстанның профессорлары мен сарапшыларының қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Талқылаудың басты тақырыбы – үйлесімді, жауапты және бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыруға бағытталған президенттік «Адал Азамат: біртұтас тәрбие» бағдарламасы болды.

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, екі жыл ішінде бағдарламаны жүзеге асыру аясында алты негізгі бағыт пен 77 қадамнан тұратын біртұтас тәрбие экожүйесі құрылды. Тәрбие жұмысына сынып жетекшілері, ата-аналар мен психологиялық қызметтер белсенді қатысуда.

2023 жылдан бастап мектептер жанынан Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары, ал өңірлерде Психологиялық көмек орталықтары жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде ата-аналардың оқу-тәрбие процесіне қатысу деңгейі үш есеге артқан. Қазір ата-аналар комитеттерін трансформациялау жұмысы жүріп жатыр, ал қараша айында «мектеп – ата-ана – қоғам» ынтымақтастығын нығайтудың жаңа алаңына айналатын алғашқы Республикалық форум өтеді.

«Бүгінгі қазақстандық мектептің міндеті – тек білімді шәкірт тәрбиелеу ғана емес. Ол – рухани биік, моральдық қасиеттері орныққан, қоғам игілігіне адал қызмет етуге дайын жауапты тұлғаны – Адал Азаматты қалыптастыру. Балалар жастайынан еңбекті қадірлеуді, адалдықты, әділеттілікті әрі жауапкершілікті бойына сіңіріп өседі. Бұл қасиеттер – еліміздің жарқын болашағының берік іргетасы», — деді министр.

Оның сөзінше, бағдарламаның құндылықтары оқу процесіне кіріктірілген және пәндердің мазмұнында, сынып сағаттарында, сыныптан тыс іс-шараларда көрініс тапқан. Сондай-ақ мектептерде «Адал Азамат» қағидаттарына негізделген бірыңғай дизайн-код кезең-кезеңімен енгізілуде.

«Бүгінде тәрбие мәселесі әлемдік деңгейде аса өзекті тақырыпқа айналды. Қазақстан өз ішінде жүйелі қадамдар жасап қана қоймай, тәжірибесін халықаралық қауымдастықпен бөлісуге әзір. Ал Халықаралық ұйым құру бастамасы жаңа ғылыми ізденістер мен ортақ жобалардың дамуына жол ашады», — деп түйіндеді сөзін Ғани Бейсембаев.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР