2025-09-17 00:01:38
15.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Қазақстан шетелде білім алатын студент саны бойынша ТОП 15 елдің қатарында

Қазақстан шетелде білім алып жатқан студенттер саны бойынша әлемдегі алғашқы 15 елдің қатарына кірді. Ал бұл көрсеткішті жан басына шағып есептесек, еліміз топ 3-ке кіріп кетеді. Демек, әрбір 250-ші қазақ өзге елде білім алып жүр, деп хабарлайды 24kz.

Иә, шекара-ның сыртын сығалаған шәкірт көп. Кейінгі ұрпақтың қаймақтары Еуропа мен АҚШ-ты аңсайды. Ал қоғам: бұлай жалғаса берсе, еліміздің ертеңі қалай болады деп алаңдаулы. Білімділер шетелге неге құмар?

Бекзат Аманов, тілші:

— Әлемде ұзын-ырғасы 264 млн студент бар. Соның небәрі 7 млн-ға жуығы шетелде шәкірт атанған. Қазір бұл көрсеткіш бойынша көш басында Қытай келе жатыр. Одан кейін Үндістан, ал үштікті Өзбекстан түйіндеді. Қазақстан 15-ші орында. Ал жан басына шаққанда алғашқы үштіктеміз. Бізден бөлек, бұл санатта Өзбекстан мен Сирия бар. Әрине, өзге елден ілім іздеуге әркімнің мүмкіндігі жете бермейді. Бірақ осы үш мемлекет экономикалық кедергіге қарамастан, шәкірттерін шетел асыруға әзір. Алғыр жастардан айырылып жатырмыз дерсіз, бірақ бұл мәселе бойынша министрлік өкілдерінің ұстанымы – мынадай.

Гүлзат Көбенова, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі:

— Менің ойымша, бұл оң үрдіс. 3 нәрсені беруге болады. Олар экономикаға қажетті мамандықтарды оқып келеді де, сол мамандықтарда жұмыс жасап, өз үлесін қосады. Сондықтан да экономикаға оң әсері бар деп айтуға болады. Екіншіден, олар қазақстандық ЖОО мен ғылыми зерттеу инстутитуттарының әлеуетін күшейтуде. Ал үшіншіден, кәсіпкерлік қабілеті дамып келеді.

ЮНЕСКО дерегі бойынша қазір 78 мыңнан аса қазақстандық шетелде оқиды. Білім бәйгесінде жастарымыздың бәсі жоғары. Мәселен, британдық профессорлар қазақ жастарының еңбекқорлығына тәнті екен. Бұл туралы Cardiff университетінің докторанты Бағлан Айдаров айтты. Бірнеше жыл бұрын магистр атану үшін Ұлыбританияға аттанған ол енді доктарантураны оқу үшін сол елге қайта оралды. Жалғыз себеп: мұнда сапалы білім, заманауи инфрақұрылым бар. Жастарымыздың алғырлығына Англия аң-таң болса да, төл шәкірттеріміздің деңгейіне жететін отандық университеттер саусақпен санарлық.

Бағлан Айдаров, Cardiff University докторанты:

— Қазақстандық студенттерді көбі еңбекқор дейді. Профессорым: «Ризамын, еңбекқор», — дейді. Біз кітапханада таңертеңнен кешке дейін отырамыз. Отандық университеттердің мәселесі – зерттеу базасында. Ғылыми лабораториялар жетіспейді. Бізде Z ұрпақ ақпаратты басқаша қабылдайды. Британияда ұрпақтарға қарай бағдарламаны басқаша дайындайды.

Бұл пікірді сарапшылар да қуаттап отыр. «Шәкірттердің шетелге құмартуы – жоғарғы білім саласының шалалығынан», — дейді Айдос Жұбаназар. Оның айтуынша, орта білімге жақсы көңіл бөлініп, сапалы мектептер пайда болды. Оның қатарында Назарбаев, БИЛ һәм Республикалық физика-математика мектебі бар. Жайлы мектердің инфрақұрылымы да бір төбе. Осы сапалы жабдықтарға үйренген түлек, университеттегі ескі құрылғыны жатырқайды. Сол үшін шетелге ауады-мыс. Ал өзге елдегі білімнің бәрі сапалы ма? Бұл да үлкен мәселе.

Айдос Жұбаназаров, сарапшы:

— Шетелге кететіндердің ішінде ең көп кететіндер – Чехия, Польша, Түркияға кетеді. Ал ол жақта Қазақстандағыдай білім ала алмайды. Бізде мақтану үшін шетелге кетеді. Олар дипломды сату үшін қаржы мақсатында ашылған университеттер шетелде де көп. Сондықтан бізде ол жаққа барып жатқандар керемет білім алып келеді деп ойламаймын. Ал енді ТОП-университеттерге түсіп жатқандар болса, онда тұрған проблема жоқ.

Brain drain – ақылдылар ағымы. Бұл – шынымен қауіп пе? Осы уақытқа дейін мұны зерттеген ғалым көп. Бәрінің тұжырымы – бір. Шетелде оқыған жас қарапайым адамға ұқсамайды. Олардың тұлғалық дамуы, білімі және мотивациясы әлде қайда жоғары. Алайда сол жастан айырылып қалу – экономикаға ауыр соққы. Демек, жастардың шетелде оқуына жол ашу керек. Алайда, олардың кері қайтатынына да кепілдік қажет.

Бағлан Айдаров, Cardiff University докторанты:

— Не себепті бізде жастар кетіп жатыр. Айлықтары шетелдік стандартқа сай келмейді. Мысалы, лабораторияда істейтін адамның айлығы 250-200 мың. Ал шетелде сол лауазымды істесе, оның айлығы 10 есе көп. Әлеуметтік жағдайды жақсарту керек. Тұрғын үй, медицина, жалақы.

Алда министрлік білім саласындағы халықаралық хабқа айналуды жоспарлап отыр. Бұл өзге елдің ақылдыларын елге тартуға мүмкіндік береді. Қазір отандық университеттерде 680 мың студент бар. Соның 31 мыңы шетелдік. Олар әлемнің 91 мемлекетінен келіп оқып жатыр. Осы ретте елде 24 шетелдік ЖОО филиалы ашылды. Биыл тағы 10 университетпен келісім жасалуы мүмкін.

Дерек көзі: https://24.kz

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР