2024-04-27 10:12:03
14.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Ең әуелі – тілдік орта

Ең әуелі – тілдік орта

Мемлекеттік тілдің 30 жыл бойы өз тұғырына қона алмауына қатысты алуан себеп пен факторларды атауға болады. Бірақ бүгінгі маңызды шаруа – осылардың ішіндегі ең өзекті де маңыздысын таңдап, соны нәтижелі іске асыру. Бұған дейінгі мемлекеттік тараптан да, қоғамдық тараптан да тіл саясатына қатысты шаралар мен әрекеттердің бәріне ортақ бір осалдық барын атап өтейік, ол – бұл мәселеге ғылыми зерттеу мен талдауға жол берілмей, түйсікке ғана иек артқанымыздың кесірінде жатыр.
Тілдің қарапайым әрі басты анықтамасы мынау: тіл – белгілі бір қоғам мен қауымға бірігетін адамдардың өзара қарым-қатынас (коммуникация) құралы. Одан әрі тереңдесек, тіл: адамдардың бір бірімен ақпарат бөлісу және ақпарат алу мүмкіндігін жүзеге асыру үдерісі. Ал бұны қысқаша ғана «тілдік орта»  аталатын тіл ғылымының бір басты саласы қамтиды. Бұны зерделеп, зерттейтін және мәселесін ашып әрі шешетін социолингвистика деген ғылым саласы бар. Басты өкініштісі сол – бұл сала әлі қазақ тіліне қатысты елімізде байыпты қолға алынып, дамыған жоқ. Өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап бұл ғылым саласын алға тартқан филология ғылымдарының докторы, социолингвист Бақытжан Хасановтың дауысы мен уәжі тиісті орындар мен органдарға жетпеді, соған сәйкес шешім болмады.

Ал тілдік ортаға не жатады?  Тілдік орта дегеніміз: тірілей ауызекі және жазбаша тілді қолданатын белгілі бір адамдар қауымы. Қоғамдық-саясмии жағынан алғанда бұл орта өзінше «үш жүзден» құралады: мемлекеттік, коммерциялық және қоғамдық секторлар, қысқасы қоғамдағы адамдардың күнделікті тұрмысынан бастап, бизнес пен қоғамдағы араластық және елді билеуге дейінгі барлық ақпарат алу, тарату, өндіру аясы мен үдерістері осы тілдік ортаны қамтиды.  Ал бұл секторлардың әрқайсысы өз кезегінде әралуан форматтағы коммуникациялық-ақпараттық ресурстардан, атап айтқанда аудио-видео жазбалар, әлеуметтік желі мен әлемжелі арналары, телеарналар мен радиотолқындар, басқа да ақпарат алу мен жазу технологиясы, бүкіл өнер саласы – кино, театр, кітапхана, білім беру саласы, ресми билік органдары мен ұйымдарының барлық ақпарат контенттері,өндіру, тарату саласы (бұны қысқаша – ресми тіл атайды), секілді ресурстардың әлеуетінен тұрады. Қысқасы, тілді тіл қылатын да, тұл қылатын да – тілдік орта! Егер бизнес клиент үшін таласу майданына түсіп жатса, ал әр тіл аман қалу мен даму үшін тілдік ортаға таласады!  Осыдан тіл  саясатының мазмұны өзінен өзі шығады.

Енді «электрон тілдік орта» ұғымын енгізуге мәжбүрміз, өйткені бұл сала бүгінді әрбір тілдің қауқарын айқындайтын көрсеткіш болып кетті. Бұрын сәбидің тілі ата-анасы мен жанұясында шығатын болса, қазіргі баланың тілі гаджетпен шығып жатыр. Жуырда ғана Ақтөбе облысының Ырғыз кентіндегі бір отбасыдағы 3-5 жасар екі сәбидің тілі орысша шыққандықтан амалсыз орыс мектебіне беруге тура келген. Ал, Ырғыз ауданы 99,99 қазақтілді орта! Демек, «тілге ие болғың келсе, гаджетіңді түзе!» деген жаңа мәтел шықты. Ал жуырда ғана «BALAPAN» телеарнасының бас продюсері Сандуғаш Кенжебаева Президентке телеарналардағы жасөспірімдер контентіне қатысты ұсынысын білдіріп, мемлекеттік арналар бұған кем дегенде апталық эфир уақытының 2 сағатын бөлуі керек екенін жеткізді. Бұған алып-қосарымыз аз, бұл жағдай тіл  саясатына қатысты әлдеқашан қолға алынуы керек еді.

Серік Ерғали,
педагогика ғылымдарының магистрі

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР