2025-08-07 10:52:40
27.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

BUSINESS.ENBEK.KZ – КӘСІПКЕРЛІККЕ АРНАЛҒАН ПЛАТФОРМА

Шымкентте 2025 жылы жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік гранттар берудің алғашқы легінде 134 тұрғын қаржылай қолдауға ие болды.

Мемлекеттік қолдау аясында кәсіп бастауға ниетті азаматтарға 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 1 572 800 теңгеге дейінгі гранттар қарастырылды. Жоба шеңберінде 934 өтініш қабылданып, арнайы комиссия шешімімен 134 үміткердің жобасы мақұлданды.

Гранттар тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді.

Грантты қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, малдарды, жануарларды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алуға, орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге алуға болады.  Шымкентте қолдау тапқан жобалар әртүрлі бағыттарды қамтиды. Әсіресе қызмет көрсету саласы алдыңғы орынға шықты – бұл бағытта 50 жоба мақұлданған. Сонымен қатар, өндіріс саласы (құлпынай өсіру, ет өнімдері және т.б.) – 39 жоба, тігін – 15,кондитерлік және наубайхана өнімдері – 14, жартылай дайын өнімдер – 9, мал және құс шаруашылығы – 2, жиһаз өндірісі – 1 жоба мақұлданды. Ал фаст-фуд, сусындар, шұжық өнімдерін өндіру секілді өзге бағыттағы жобалар саны – 4.
Гранттарды Еңбек мобильділігі орталықтары грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді.

Үміткерлер өз бизнес-жобасын комиссия отырыстарында таныстырады. Бұл ретте комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды және бағалау парағын мынадай өлшемшарттар бойынша толтырады: бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру.

Осылайша, грант беру туралы шешім комиссиялық түрде және үміткерлердің бизнес-жобаларының пысықталуын бағалаудың нақты өлшемшарттары негізінде қабылданады.

Мемлекеттік гранттар азаматтардың іс бастауына, табыс көзін арттыруына және ел экономикасына үлес қосуына жол ашып отыр. Алдағы уақытта грант иегерлері өз жобаларын жүзеге асырып, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік алады.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР