2026-01-11 21:22:26
9.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

«БІЛІМ БАСТАУЫ – БАСТАУЫШТА»: ШЫМКЕНТТЕ ТАҒЫЛЫМДЫ АЙЛЫҚ БАСТАУ АЛДЫ

Шымкент қаласындағы Т. Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясында бастауыш сынып бірлестігі тарапынан 2025 жылғы 1–19 желтоқсан аралығында «Білім бастауы – бастауышта» атты дәстүрлі айлық іс-шараның салтанатты ашылуы өтті. Бұл шара жаңартылған білім беру мазмұны аясында оқушылардың білім сапасын арттыруға және олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталды.

Айлықтың негізгі мақсаты – бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығын қалыптастыру, алған білімдерін өмірде қолдануға машықтандыру, сондай-ақ сыныптан тыс іс-шаралар арқылы балалардың оқу үдерісіне деген қызығушылығын арттыру. Осы бағытта түрлі интеллектуалдық ойындар, шығармашылық тапсырмалар, пәндік сайыстар және танымдық шаралар ұйымдастырылды.

Іс-шараның алғашқы күні мектеп ұжымы мен бастауыш сынып оқушыларын ерекше көңіл күйде қарсы алды. Бірлестік ұстаздары оқушыларға арнап көңілді әндермен, қызықты көріністермен және әр пән бойынша арнайы әзірленген тапсырмалармен мазмұнды бағдарлама ұсынды. Оқушылар бұл тапсырмаларды үлкен қызығушылықпен орындап, өз білімдері мен қабілеттерін көрсетті.

Салтанатты шара барысында мектеп-гимназия директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Ақмарал Сарсенбайқызы құттықтау сөз сөйлеп, ұстаздар қауымы мен білім алушыларға шығармашылық табыс пен сәттілік тіледі. Сонымен қатар директордың ғылыми-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары Салима Маширапқызы және оқу-тәрбие жұмысы бойынша директордың орынбасары Ақмарал Бекетовна ұстаздар мен оқушыларды алдағы іс-шараларға белсене қатысуға шақырып, апта сайын өтетін жұмыстардың маңыздылығын атап өтті.

«Білім бастауы – бастауышта» айлығы шеңберінде ашық сабақтар, шеберлік сағаттары, пәндік апталықтар, ата-аналармен бірлескен іс-шаралар мен көрмелер ұйымдастырылып, оқушылардың жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөлінбек. Бұл бастама – жас ұрпақты білімге құштар, бәсекеге қабілетті тұлға ретінде тәрбиелеудің маңызды қадамы.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР