2025-12-04 17:35:19
7.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

«Арнайы білім берудің жаңашыл жас педагогы» қалалық байқауы өз мәресіне жетті

Шымкент қаласында арнайы және инклюзивті білім беру саласындағы жас мамандардың кәсіби шеберлігін айқындауға бағытталған маңызды шара – «Арнайы білім берудің жаңашыл жас педагогы» қалалық байқауы өткізіліп, өз жеңімпаздарын анықтады. Байқауды Әдістемелік орталық ұйымдастырып, іс-шара Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің базасында өтті.

Бұл байқау – ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс істейтін мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға, педагогтердің шығармашылық мүмкіндіктерін ашуға, заманауи білім беру әдістерін енгізуге бағытталған ауқымды алаң. Қатысушылар өздерінің инновациялық тәжірибесін, жаңа педагогикалық тәсілдерді меңгеру деңгейін және инклюзивті ортада жұмыс жүргізу қабілетін жан-жақты көрсетті.

Байқаудың басты мақсаты – арнаулы педагогика саласындағы жас мамандардың кәсіби өсуіне жағдай жасау, олардың заманауи білім беру үрдісіне қосар үлесін бағалау. Сонымен қатар, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға көрсетілетін қолдау мен оқыту сапасын арттырудағы ең үздік тәжірибелерді анықтап, таратуға бағытталды.

Қатысушылар бірнеше кезең бойынша сынға түсті: авторлық әдістемелік жұмыстарын қорғау, практикалық тапсырмаларды орындау, балалармен жүргізілетін түзету-педагогикалық жұмысты көрсету, сондай-ақ кәсіби жағдайларға байланысты туындайтын мәселелерді шешу қабілеті бағаланды. Жас мамандардың шығармашылық ұстанымы, кәсіби серпіні мен шынайы ынтасы қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.

Әділ қазылар алқасының шешімімен төмендегі жүлдегерлер анықталды:

  • Бас жүлде – Естімейтін балаларға арналған №1 мектеп-интернатының аға тәлімгері — Еликбаева Нұрсая Бауыржанқызы
  • I орын – №32 «Еркін» арнаулы (коррекциялық) балабақшасының логопед маманы — Мыраш Гаухар Бердалықызы

Жеңімпаздар өздерінің кәсіби дайындығымен, ерекше балалармен жұмыс істеудегі жауапкершілігімен және жаңашыл көзқарасымен ерекшеленді. Байқау барысында ұсынылған идеялар мен әдістемелер қаладағы инклюзивті білім беру сапасын жақсартуға ықпал ететіні сөзсіз.

Жаңашыл, ізденімпаз, талантты жас арнайы педагогтерді жүлделі орындарымен шын жүректен құттықтаймыз!
Оларға шығармашылық табыс, кәсіби биіктер және ерекше білім беруді қажет ететін балалардың болашағына жарық сәуле сыйлайтын жарқын жобалар тілейміз.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР