Қазақстан жасанды интеллектіні жоғары білім беру жүйесіне енгізген алғашқы елдердің бірі атанды. Бұл туралы салалық министрлік өкілдері хабарлады.
Президент бастамасымен қолға алынған AI-Sana жобасына қазір елдің әр аймағынан 650 мың студент қатысады. Олар нейрожелілердің артықшылығын меңгеріп, стартап жобаларды жүзеге асыра бастады. Бұл бағытта Шығыс Қазақстан өңірінің жастары белсенділік танытып келеді.
Елдегі жасанды интеллектіні оқытуға ден қойған 28 жоғары оқу орынның бірі – Өскемен техникалық университеті. Биыл AI-Sana жобасы аясында мұнда 7 мың студент ақылды жүйенің артықшылықтарын меңгеріп шықты. Олардың қатарында Аңсар Бейсекенов те бар. Ол алған теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, робот-гид құрастырып шығарды.
Аңсар Бейсекенов, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ магистрі:
— Қазір бізде роботтың екінші нұсқасы дайын болды. Есімі – Айсана. Ол ашық диолог орнатып, еркін сөйлесе алады. Сондай-ақ кез келген сұраққа жауап береді. Алдағы уақытта роботымызды жаппай қолданысқа енгізгіміз келеді.
Робот-гид тек экскурсия жүргізумен шектелмейді. Ол балабақша тәрбиешісі мен дәрігерлерге көмекші қызметтерді атқара алады. Осы мақсатта университеттің жас бағдарламашылары мен инженерлері бірлесіп, роботқа жаңа функциялар енгізіп жатыр.
Диас Бейдахметов, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ магистрі:
— Біздің қазіргі роботымызда ол бейнежазбамызды көре алады. Яғни, адам көзі секілді көреді де, белгілі шешімдерді қабылдайды. Сонымен қатар ол лидар арқылы карта сызады, сол картадан алынған деректер бойынша оңтайлы маршруттарды өзі сызады. Жасанды интеллект тек оқу процесінде ғана емес, ғылыми зерттеулерге де кеңінен қолданыла бастады. Давид Борозенецтің ақылды бағдарламасы науқастардың талдау нәтижесін сараптап, ауру түрлерін анықтауға мүмкіндік береді. Жалпы оқу ордасында жасанды интеллектіге негізделген осындай оннан астам жоба жоғары бағаға ие болды.
Сәуле Рахметуллина, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ ректоры:
— AI-Sana бағдарламасының екінші кезеңінде студенттер жасанды интеллектіні терең меңгеруге мүмкіндік алып, кәсіпкерлікке бет бұрады. Ол үшін әлемдік ғалым Пол Кимнің оқу-әдістемесіне сүйенеміз. Осылайша, білімді жастардың стартап-жобаларын нақты іске асыруға жағдай жасаймыз.
AI-Sana жобасы студенттердің жаңашыл идеясын дамытуға мүмкіндік береді. Сала мамандарының айтуынша, оларды қолдау жас ғалымдар мен кәсіпкерлердің жаңа буынын қалыптастыруға жол ашады.
Дерек көзі: https://24.kz