2026-02-20 00:53:54
13.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Ұстаздар мен сарапшылар Конституциялық реформаны талқылады

Шымкенттегі №1 мектеп-гимназияда Жаңа Конституцияны түсіндіруге арналған кездесу өтті. Жиын барысында педагогтер мен шақырылған сарапшылар білім беру саласындағы жаңашылдықтарды, жаңа мемлекеттік институттардың енгізілуін және жаңартылатын Қазақстан Конституциясының негізіне айналатын әлеуметтік кепілдіктерді талқылады.

Жаңа Конституциясының жобасының Преамбуласында адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет басты басымдық ретінде жарияланды. Бірлік пен ынтымақ, ұлтаралық және конфессияаралық келісім Қазақстан мемлекеттілігінің негізі ретінде айқындалған.

«Біз бұл өзгерістерді алдымен ұжымға түсіндіреміз, мұғалімдер ата-аналарға, кейін оқушыларға жеткізеді. Әр адам өз құқықтарын пайдалану мүмкіндігін білуімен қатар, міндеттерін де ұмытпауы тиіс. Менің ойымша, жаңа Конституцияның ең басты ерекшелігі – барлық норманың адам мүддесіне бағытталуы. Адам – мемлекетіміздің басты капиталы», – деді білім ордасының директоры Анар Аманқұлова.

Кездесуге сарапшылар – заң ғылымдарының магистрі, «Мирас» университетінің аға ғылыми қызметкері Макпал Мамаева және «Байтак» партиясы филиалының төрағасы Алтай Ордабеков қатысты.

Макпал Мамаева жаңа Конституция құрылымына тоқталды, кеңінен түсіндірі өтті. Оның айтуынша, 1995 жылы қабылданған бұрынғы Конституцияның 84 пайызына өзгерістер енгізілген. Негізгі жаңашылдықтардың қатарында Преамбулада «Әділетті Қазақстан», «Заң мен тәртіп» қағидаттарының көрініс табуы, сондай-ақ «Миранда қағидасының» енгізілуі бар. Сонымен қатар білім мен ғылымға, мәдениет пен инновацияға айрықша мән беріліп, олар Негізгі заңның өзегіне айналғаны айтылды.
Алтай Ордабеков жаңа Конституцияның 7 және 8-баптарына тоқталып, қоршаған ортаны қорғау мәселесіне назар аударды. Оның сөзінше, бұл – мемлекеттің тікелей міндеті әрі болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігі. Сондай-ақ отбасы институты нығайтылып, әлеуметтік блок күшейтілген. Мемлекет философиясы да өзгеріп, «Мемлекет пен адам» ұстанымынан «Адам – құқық – мемлекет» қағидатына көшу жүзеге асырылуда. Бұл – адамға бағытталған мемлекет моделін қалыптастырудың айқын көрінісі.

Жиында әр адамның еңбек етуге және қызмет түрін еркін таңдауға құқығы сөз болды. Педагогтер өздерін толғандырған сауалдарын қойып, жан-жақты жауап алды. Сонымен қатар тіл мәселесі, бір палаталы Парламент құру, Вице-президент институтын енгізу, зейнетке шығу тәртібі мен медициналық қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Мұндай кездесулер – тек ақпарат беру емес, ашық пікір алмасу алаңы. Ол әр педагогтің ел болашағына деген жауапкершілігін арттырып, жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Кездесу қорытындысында ұжымның өзгерістерді қолдайтынықтарын жеткізді. Достық пен келісім құндылыққа айналған білім ордасы үшін жаңа Конституция – тұрақтылықтың кепілі әрі жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды құжат.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР