Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев берешегі 90 күннен кешіккен адамдарды «жаңа несиеден арашалайтын» Жарлыққа қол қоятынын мәлім етті, деп хабарлайды Citynews.kz сайты ҚазАқпарат сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы тұтыну несиелерінің шамадан тыс артуына жол бермеудің маңыздылығына тоқталды.
«Өкінішке қарай, бейсаналы тұтыну елеулі теңгерімсіздіктерге әкелуі мүмкін, олардың белгілерін биыл ғана көріп отырған жоқпыз.
Бүгінде проблемалық несиелер көлемі жарты триллион теңгеге жетті. Миллионнан астам адам өз міндеттемелерін орындай алмай отыр. Олардың көбі үмітсіздіктен ескі несиені өтеу үшін жаңасын алуға мәжбүр. Сондықтан 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап «Жеке тұлғаларды оңалту және олардың банкроттығы туралы» Заң іске қосылуға тиіс», — деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, кепілсіз онлайн-микрокредиттерді қатаң реттеу қажет.
«Кейбір елдерде оған толық тыйым салынған. Бұл тәжірибені зерттеу керек. 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыз алушыларды жаңа міндеттемелер қабылдаудан арашалау тетігін ойластыру қажет. Жақын арада мен тиісті Жарлыққа қол қоямын», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.