
Шымкент қаласында инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асуда. 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша ауыз су, электр энергиясы, табиғи газ, сыртқы жарықтандыру және жылу жүйелерімен қамту көрсеткіштері айтарлықтай жақсарды.
Қаладағы 81 елді мекеннің 80-і ауыз сумен толық қамтылды. Құрсай елді мекеніне су құбыры тартылып, қамту деңгейі 99,9 пайызға жетті. Биыл 11 мың адам сапалы ауыз суға қол жеткізді. Сонымен қатар, алдағы кезеңде су жүйесінің қуаттылығын арттыру үшін алты су жинақтағыш салу жоспарланған.
Электрмен қамту бойынша қаладағы барлық 81 елді мекен толық электр қуатымен қамтамасыз етілген. Биыл жеті елді мекенде электр желілері мен үш қосалқы станса (Ақжар 110 кВ, Бадам 110 кВ, Тұран) салынуда. Нәтижесінде 13 мың тұрғын сапалы электр энергиясына қосылады. Құны 7,6 млрд теңге болатын «Ақжар 110 кВ» қосалқы стансасының құрылысы толық аяқталды.
Табиғи газбен қамту деңгейі 97 пайызға жетті. 2024–2025 жылдары 20-дан астам елді мекен газ жүйесіне қосылып, 112 мыңнан аса тұрғын табиғи газ игілігін көрді. Биыл газ желілерінің қауіпсіздігін бақылау үшін арнайы «Пергам» жылжымалы қондырғысы сатып алынды.
Сыртқы жарықтандыру саласында да айтарлықтай ілгерілеу бар. 2024 жылдың қорытындысы бойынша көшелердің 65,9 пайызы жарықтандырылды. 2025 жылы 2 291 көшені жарықтандыру жоспарланып, жыл соңына дейін қала толықтай 100 пайыз сыртқы жарықпен қамтылады.
Жылу жүйесінде құбырішілік диагностика технологиясы енгізіліп, 1 263 метр магистральды жылу құбыры тексерілді. Бұл әдіс жөндеу шығындарын 20–75 пайызға дейін қысқартуға және апат қаупін азайтуға мүмкіндік берді.
Аталған жұмыстар Шымкент тұрғындарының қауіпсіздігі мен тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған.
