Бүгінгі таңда Құрсай елді мекенінде екі кезеңнен тұратын жобаның құрылысы аяқталып, 270 шақырым су құбыры орнатылды. Осылайша Құрсай шағын ауданына инженерлік-инфрақұрылым тарту ісі қарқынды жалғасуда. 8 мыңға жуық тұрғыны бар шағын ауданды сапалы ауыз сумен қамту үшін инженерлік құрылыс 2021 жылы басталған. Жалпы ұзындығы 336,5 шақырымды құрайтын су жүйесін тарту жұмысы жоғарыда айтылғандай, 2 кезең бойынша жүзеге асырылып жатыр.
Ал, Қайнарбұлақ тұрғын алабына ауыз су құбырын тарту құрылысы 2023 жылға өтпелі. Осы жылдың қорытындысымен Құрсай, Асар-2, Текесу елдіммекендері мен Нұртас су жинақтағыш имаратының құрылыс аяқталады. Нәтижесінде қала тұрғындарының сапалы ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 99 пайызға жетеді. Жоспарға сәйкес, Шымкент қаласының тұрғындары 2023 жылы жоғарыда келтірілген дерекке сай, 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.
Сонымен бірге жауапты мамандар 2025 жылы мегаполис толық сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етілетінін айтады. Қазіргі уақытта тек 8 елді мекенде ғана электр қуатының сапасы төмен. Табиғи газ да алдағы 3 жылда толық шешімін табатын болады. Газ бармаған қалада 8 елді мекен қалып отыр. Мегаполис құрамында бұрыннан болған тұрғын алаптарында негізінен инженерлік-коммуналдық инфрақұрылым проблемасы халықты көбірек мазаласа, Түркістан облысынан қала құрамына өткен елді мекендерде жер учаскесіне байланысты құжаттық мәселелер заңдастыруға келгенде тұрғындар алдынан кесе көлденең шығуда.
Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының берген мәліметтеріне назар салсақ, мегаполистің елді мекендеріне ауыз сумен бірге өзге де инженерлік инфрақұрылымды тарту жұмыстары жоспарға сай кезең-кезеңімен атқарылып жатыр. Айталық, Қаратау ауданына қарасты Достық шағын ауданын сапалы электр қуатымен қамту өзекті мәселенің бірі еді. Бүгінде электр тарату бекетіне керекті жабдықтар орнатылды. Шағын ауданды қажетті электр энергиясымен қамтуға жалғап қосу, қосылу көзіне кабель желісін жалғау және 13 электр трансформаторларын орнату, 7 шақырым 10 кВ кабель желісін тарту секілді жұмыстар кіреді.
Құрылыс жұмыстарыннан кейін қарашада үйлерді ресми қуат көзіне жалғау–абоненттеу жұмыстары қолға алынады.