Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттері бойынша медициналық қызметтердің негізгі көлеміне 2021 жылға шамамен 1,5 трлн теңге сатып алуды жариялады, бұл сома орташа есеппен 20% артады, деп хабарлайды CITYNEWS.KZ ақпарат агенттігі ҚазАқпарат сілтеме жасап.
Келесі жылы халықтың қажеттілігінің артуын және елдегі эпидемиялық жағдайды ескере отырып, медициналық көмекті сатып алу көлемінің ұлғаюы болжануда.
Сақтандырылған халық үшін мамандандырылған медициналық көмектің, оның ішінде ауылдық жерлерде қымбат жоғары технологиялық қызметтердің көлемі артады.
«Қор еліміздің медициналық ұйымдарынан 2021 жылға жоспарланған медициналық қызметтердің негізгі көлеміне өтінімдер қабылдаудың басталғаны туралы хабарлайды. Осы жылдың желтоқсан айында сатып алуды өткізу 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап халықты медициналық көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан.
Айта кетейік, 2020 жылдың басында әлеуметтік медициналық сақтандырудың енгізілуімен денсаулық сақтау жүйесінің бюджеті 1,6 трлн теңгені құрап, медициналық көмек көлемі 1,5 есеге артты.
Биыл алғаш рет МӘМС қаражаты есебінен мектеп медицинасын қаржыландыру көзделді, консультациялық-диагностикалық көмекті қаржыландыру көлемі айтарлықтай кеңейтілді — 6 есе, 183,8 млрд теңге. Сонымен қатар, МӘМС енгізілуімен қалпына келтіру емі мен медициналық оңалтуды қаржыландыру көлемі – 8 есе, 55,7 млрд теңгеге дейін өсті.Стационарды алмастыратын көмекті қаржыландыру екі есе – 50,3 млрд теңгеге ұлғайды.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылға медициналық сақтандыру қорының сатып алуларына 1 296 медициналық қызмет беруші қатысты, оның ішінде — 691 мемлекеттік медициналық ұйымдар (53%), 605 – жеке меншік (47%).
Қор бірыңғай стратегиялық сатып алушы ретінде қызметтерді сатып алудың электрондық форматына көшті.
Бұл сатып алудың электрондық форматы рәсімнің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, сонымен қатар, медициналық ұйымдардың сатып алу рәсімдерін жеңілдетеді.
«Қазіргі уақытта веб-порталда хабарландыру жарияланды, оған жауап ретінде әлеуетті өнім берушілердің дерекқорына енгізілген өнім берушілер конкурсқа қатысуға өтінім береді. Бұдан әрі құрамына Қордың, уәкілетті органның (республикалық комиссия құрамында), денсаулық сақтау басқармасының (өңірлік комиссиялар құрамына), «Атамекен» ҰКП, медициналық қызметтерді тұтынушылардың мүдделерін білдіретін үкіметтік емес ұйымдардың, денсаулық сақтау субъектілерінің немесе медициналық қызметкерлердің және медициналық қызметтер сапасына сыртқы сараптама функцияларын жүзеге асыратын уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің өкілдері кіретін комиссия өтінімдерді қарайды. Бұдан кейін Веб-порталда қорытындылардың хаттамасы автоматты түрде қалыптастырылады, ол өнім беруші мен Қор арасында шарттар жасасу үшін денсаулық сақтау ақпараттық жүйелеріне жіберіледі»,– делінген хабарламада.
Өтінімдерді қабылдау 2020 жылғы 7 желтоқсан сағат 9:00-ден 14 желтоқсан сағат 18:30-ға дейін жүзеге асырылады.
Сондай-ақ Қордың (Қазақстандағы МӘМС) ресми YouTube арнасында медициналық қызметтерді сатып алу веб-порталында жеткізушілердің электрондық форматта өтінім беруі бойынша оқыту жазбасы орналастырылған.