2025 жылғы 17 шілдеде Шымкент қаласында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының алғашқы өңірлік баспасөз туры ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты — қордың үш жылдық қызметінің нәтижелерін қорытындылау және жүзеге асырылып жатқан жүйелі қайырымдылық жобалар туралы кеңінен ақпарат тарату.
Баспасөз турына жергілікті және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, блогерлер мен қоғам белсенділері қатысты. Қатысушылар қор қолдауымен ашылған және жұмыс істеп жатқан бірқатар әлеуметтік нысандардың қызметімен танысты.
Баспасөз туры аясында делегация алдымен дамуында кідірісі бар балаларды ерте кезеңнен қолдауға бағытталған Ерте араласу орталығының жұмысымен танысты. Одан кейін «QH Оңалту орталықтары» қайырымдылық бағдарламасы аясында ашылған оңалту орталығына барды. Бұл мекеме ерекше қажеттілігі бар балаларға кешенді оңалту қызметтерін көрсетеді.
Сондай-ақ, делегация «Қамқорлық» №8 балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының базасында орналасқан Аутизм орталығының қызметімен танысты. Орталық аутизм спектрінің бұзылысы бар балаларға қолжетімді әрі сапалы қызмет ұсынуға бағытталған.
Келесі нысан — TEN QOGAM әлеуметтік қолдау орталығы. Мұнда қордың «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы аясында арнайы мамандар үй жағдайында оңалту қызметтерін көрсетеді.
Сонымен қатар, «Көмекші мектеп-интернат» КММ-де іске асырылып жатқан «Тұсау кесер» жобасы аясында ашылған инклюзивті спорт залымен танысу мүмкіндігі ұсынылды. Жоба ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың дене дамуын қолдауға бағытталған.
2022 жылдан бері «Қазақстан халқына» қоры Шымкент қаласында жалпы құны 12,1 миллиард теңгені құрайтын қайырымдылық көмегін көрсетті. Баспасөз туры барысында осы қаражат есебінен жүзеге асқан жобалардың нақты нәтижелері көпшілікке ұсынылды.
Аталған жобалар туралы толық ақпарат алдағы газет нөмірінде жарияланатын болады.